28.01.2020, 10:17
Қараулар: 144
Шаңғы жарысынан ауданын чемпионаты өтті

Шаңғы жарысынан ауданын чемпионаты өтті

Шаңғы жарысынан оқушылар арасында Бәйтерек ауданының чемпионаты мәреге жетті. Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі мен Батыс Қазақстан облыстық шаңғы федерациясы бірлесе ұйымдастырған жарысқа ауданның ең мықты деген жас шаңғышылары қатысты.


Бірнеше жас ерекшелігі бойынша жарысқан шаңғышылар тартысы қызықты өтті. Ауа райының қолайсыздығы да шаңғышылардың жеңіске деген жігерін жасыта алмады. Әр спортшы өзін үздік қырынан таныта алды. Әсіресе, Қасым Аманжолов атындағы орта мектебі мен Январцев орта мектебінің оқушыларының тартысы қызықты болды.

Жарыс қорытындысында 11 жасқа дейінгі балалар арсында Қасым Аманжолов атындағы орта мектебінің оқушысы Нұрбатыр Жәмиев алдына жан салмаса, 13 жасар шаңғышылар жарысында январцевтық Бахтияр Есімовке тең келер спортшы болмады. Бұдан бөлек 15 жасқа дейінгі шаңғы тепкен спортшылар сынында январцевтық Алтынғали Төлепбергенов үздік болса, 17 жасар спортшылар жарысында Новен мектебінің оқушысы Джахар Мендалиев жеңіске жетті.

Чемпионатқа қыздар да белсене атсалысты. Олар да бірнеше жас ерекшелігі бойынша сынға түсті. 11 жасқа дейінгі шаңғышы арулар сынында Переметный орта мектебінің оқушысы Зарина Габдушева, 13 жасар шаңғышылар арасында январцевтық Виктория Голотова, 15 жасар шаңғышы қыздар бәсекесінде Январцев орта мектебінің тағы бір оқушысы Анастасия Понова жеңіс тұғырының бірінші сатысына көтерілсе, 17 жасар бұрымды шаңғышылар сынында Дамира Ерсайынова жеңіс тойын тойлады.

Айта кетерлігі, шаңғы спорты Бәйтерек ауданында жақсы дамып келеді. Осы күні ауданнан шыққан бірнеше өрен ШҚО Риддер қаласынджағы спорт интернатында шаңғы спорты бойынша білім алып жатыр. Жетістіктері де ойдағыдай.

 

Түгелбай БИСЕН