14.12.2020, 16:19
Қараулар: 61
Тәуелсіздік күніне арналған жарыс

Тәуелсіздік күніне арналған жарыс

Ел тәуелсіздігінің 29 жылдығына орай Рубежка ауылының әкімдігі мен жергілікті жастар волейбол жарысын ұйымдастырды.

-Бұқаралық спортты дамыту — күн тәртібінен түспейтін мәселе. Біз де сол тапсырманы іске асыру және ауыл жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында осындай жарысты ұйымдастырып жатырмыз. Сайысқа қатысушыларға сәттілік. Бабы мен бағы келіскен команда жеңіске жетсін,-деді жарыстың ашылуында сөз алған ауыл әкімі Асылбек Кенжин.

Тартысты өткен әуе доп жарысында шебер ойын көрсеткен волейболшылар көрерменнің делебесін қоздырды. Әр ұпай үшін жан таласа күрескен спортшылар ойынның барлық әдемі қырын көрсете алды.

Қорытындысында үшінші орынға ауыл әкімдігінің командасы, екінші орынға колледж ұстаздарының командасы жайғасса, мектеп мұғалімдерінен жиналған команда жарыс жеңімпазы атанды. Сондай-ақ үздік ойын өрнегін көрсете білген Мейрамбек Амангельдиев «Ең үздік либеро», Лариса Савичева «Ең үздік ойынға бастаушы», Милана Құмарғали «Ең үздік тосқауыл қоюшы» аталымына ие болса, жарыстың «Үздік ойыншысына» берілер марапатты Наталья Бигельдиева қанжығалады.

Сайыс соңында жеңімпаз бен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар тарту етілді.

Гүлжан АЯЗБАЕВА,

Бәйтерек ауданы