23.11.2020, 15:13
Қараулар: 106
Жас футболшының сұхбаты

Жас футболшының сұхбаты

Бәйтерек аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы қолға алған «Жетістік жолы» жобасы осы күні өз жемісін беруде. Осыған дейін өнер, мемлекеттік қызмет пен спортта жүрген талай жанды көпшілікке жаңа қырынан танытқан жобаның кезекті қонағы ерекше болды.

Лайв сұхбаттың жүргізушісі Марзия Кунусбаваның қызықты сауалдарына бұл жолы жерлесіміз, «Академия оңтүстік» футбол клубының ойыншысы Бекзат Иманғазиев жауап берді. Өзінің спортқа қалай келгені және болашақ жоспарларымен бөліскен жас футболшының сұхбаты көпшілік қызығушылығын оятты.

-Бала күнімнен футболшы болуды армандадым. Алдымен ауыл командасында, кейін «Ақжайық» футбол клубының сапында жаттықтым. Бірнеше жыл бұрын «Ақжайықпен» бірге Шымкент қаласында қаласында өткен жарысқа барғанбыз. Сол жылы Шымкентке испандық бапкерлер келіп, жаңа академия ашылып жатты. Менің ойыным ұнаса керек? «Оңтүстіктіктің» бапкерлер құрамы мені және жеке бапкерімді шақырып, алып қалғысы келетінін айтты. Мен келісімімді бердім. Өйткені бұл жерде футболмен айналысуға барлық жағдай жасалған,-деді Бекзат сұхбат басында.

Өткен жылы ҚР бірінші лига командалары арасындағы бәсекеде тоғызыншы орынға табан тіреген «Академия оңтүстік» биыл бесінші орынға тұрақтады. Команданың осындай биік белесті бағындыруына Бекзат та өз үлесін қосқан. Сонымен қатар ол еліміздің жасөспірімдер құрамасына бірнеше мәрте шақырту алып, біраз жеңіске жетті.

Бұдан бөлек онлайн сұхбат барысында футболшы қандай кітаптарды оқитынын айтып, амандарымен де бөлісті.

-Менің басты арманым жақсы еуропалық клубта доп теуіп, еліміздің басты командасына өту. Оған қол жеткізу оңай емес екенін білемін. ОЛ мақсатыма жету үшін тынымсыз еңбек ететін боламын. Сондай-ақ мені осындай дәрежеге жетуіме көмектескен балық бапкерлеріме ризашылығымды білдіремін,-деді Бекзат.

Сондай-ақ ол өзінің жасөспірімдер құрама командасы сапындағы ең есте қалған ойыны туралы да айтып өтті.

-Босния және Герцеговина құрамасымен ойнаған кезде ойынның соңғы минутында төреші біздің қақпамызға пенальти қойды. Қақпашы ол соққыны

қағып алып, допты менің қапталыма жіберді. Ал мен оны қарсылас айып алаңына жолдадым. Шабуылшымыз гол соқты. Міне сол ойын әзірге менің ең үздік матчым,-деді Бекзат.

Қызықты өткен сұхбат көпшілікке ұнады. Инстаграм желісінің пайдаланушылары да өз сауалдарын жолдап, жауаптарын ала алды.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы