20.12.2020, 15:06
Қараулар: 87
Ауылдағы хоккей

Ауылдағы хоккей

Макаров ауылында сырғанақ салынды. Округ әкімінің міндетін атқарушы Еркін Әбілкәкімовтың айтуынша, қазір жастардың көбі ауылда екен. Солардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, көпшіліктің қысқы спорт түрлеріне деген қызығушылығын ояту мақсатында құйылған сырғанаққа келушілер саны осы күні көбейіпті.

Жуырда округ әкімдігі жастардың басын қосып, хоккейден шағын жарыс ұйымдастырды. Қызықты ойын болатынын естіген ауыл азаматтары сырғанақ жанынан табылып, үлкендер жағы өздерінің жастығын еске алса, конькиге отырған жастар бар шеберліктерін көрсетіп бақты.

-Карантин кесірінен көп жас ауылда жүр. Олардың бос уақыты көбейді. Сол себепті ауыл маңынан құйылған арнайы сырғанаққа жастарды шақырып, жарыс ұйымдастырдық. Алдағы уақытта ауылда тағы бір сырғанақ құйылатын болады,-дейді Еркін Рустамұлы.

Сырғанақ осы күні макаровтық ағайынның сүйікті жемалыс орнына айналып үлгерді. Бүлдіршідер шанасын алып осы орынға асықса, жастар хоккей ойнап көңілдерін сергітеді.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы