29.01.2020, 14:29
Қараулар: 78
«Қадыр оқуларында» белестік оқырман жеңімпаз атанды ⠀

«Қадыр оқуларында» белестік оқырман жеңімпаз атанды ⠀

Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен «Қадыр жыры – халық жыры» атты Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері, публицист, сыншы, драматург Қадыр Мырза Әлінің туғанына 85 жыл толуына  арналған аудандық «Қадыр оқулары» байқауы өтті.

Бәйтерек  аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт  бөлімінің басшысы Радик Ихласов қатысушыларға сәттілік тілеп, сөз сөйледі.

«Асыл сөздің алдаспаны» кітап көрмесімен кітапханашы Ақнұр Қаратаева таныстырды.

Байқау «Мені оқитын, мені ұғатын халқым бар…» (ақын өлеңдерін мәнерлеп оқу), «Жүрегімде – жырларым» (ақын өлеңдерін диалог ретінде оқу), «Үкілі үзінділер» (Қадыр Мырза Әлидің нақыл сөздері (афоризмдері) шарттарын қамтыды.

Қазылар алқасы үміткерлер өнерін бағалау кезінде қатысушылардың өлең оқу шеберлігі, дауыс мәнері және тіл тазалығы, сахна мәдениеті, тіл байлығы мен сөздік қорына мән берді.

Қадыр ақынды ұлықтау шарасында «Өз елім» әнін «Шежіре» халықтық фольклорлық ансамбілінің жетекшісі Аслан Ғизатов пен Николай Новеньков, «Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру» әнін балалар саз мектебінің «Дәстүрлі ән» сыныбының оқушысы Нұртөре Насиболла, «Жалкаубек» әнін балалар саз мектебінің «Эстрадалық вокал» сыныбынын оқушысы Сәния Өтеғалиева, «Ақ Жайық» әнін аудандық мәдениет үйінің әншісі Кенесары Болғанбаев, «Атамекен» әнін аудандық балалар саз мектебінің оқытушысы Әсет Нығметов орындады.

Байқау қорытындысында Белес ауылдық округінен келген Ләззат Жанаева (9-сынып оқушысы) мен кітапханашы Кенжегүл Хасенова бас жүлдені жеңіп алды.

Жеңімпаз-жүлдегерлерді марапаттау салтантында кітапхана директоры Жеңісгүл Жаңабаева сөз сөйлеп, дипломдар мен естелік сыйлықтар табыстады.


Ертай БИМҰХАНОВ,
Суреттерді түсірген Сәлім МӘМБЕТӘЛИЕВ