24.12.2020, 14:41
Қараулар: 68
Президент құттықтауы келді

Президент құттықтауы келді

Елдегі жағдайға байланысты биыл барлық мектептер мен мектепке дейінгі мекемелерде жаңа жылдық шырша тойы өтпейтін болды. Десе де ел Президенті оқушыларды мерекемен құттықтап, оларға өз атынан жаңа жылдық сыйлықтарды табыс етуді ұмытпады.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтауы бәйтеректік оқушыларға да жетті. «Ғажайыпқа толы жаңа жыл» атауымен келген сыйлықтарды оқушыларға аудан әкімі Марат Тоқжанов пен білім беру бөлімінің басшысы Серік Сафиуллин табыстады.

Мейірім мен ғажайыпқа толы мерекеге арналған қоржын ішіне оқуға қажетті құралдар мен тәттілер салынған. Сондай-ақ «Айналайын, келе жатқан жаңа жыл құтты болсын! Бұл мереке саған көп жақсылық әкелсін! Білім жолындағы талабыңа нұр жаусын! Қанатың талмасын! Сенің елін сүйетін ұлтжанды азамат болып өсуіңе тілектеспін. Арман-мұратыңа жете бер!» деген ел Президентінің құттықтау хаты бар.

Мұндай сыйлық ауданның 17 оқушысына және Орал қаласындағы Махамбет Өтемісов атындағы облыстық сауықтыру мектеп-интернатында оқитын зеленыйлық бір оқушыға жетті.

-Биылғы оқу жылы оңай болмады. Осындай қиын шақта ісіне адал ұстаздар қашықтан болса да балаларға білім беріп, өздерінің кәсібилігін көрсетуде. Жанқияр ерліктеріңіздің арқасында мұғалім мәртебесін көтеріп қана қоймай, білімді ұрпақты да тәрбиелеп жатсыздар. Шәкірттеріңіз талапты, жұмыстарыңыз табысты болсын. Өкінішке орай балаларға жаңа жылдық мереке сыйлай алмасақ та, оларды ұмытқан жоқпыз. Бүгінгі балақайлар — елдің болашағы. Сол үкілеген үміттеріміз аман болып, ауырмай өсе берсін,-деді өз құттықтауында М.Тоқжанов.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы