8.01.2021, 16:32
Қараулар: 28
Ана тілімізді ардақтап, жастарға үлкен сенім артты

Ана тілімізді ардақтап, жастарға үлкен сенім артты

«Жас келсе – іске» дейді халқымыз. Жастар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші. Сондықтан өскелең ұрпақтың осындай әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалануымыз керек. Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласынан

 

Тәуелсіздік үшін жүргізілген ғасырлар бойғы толассыз күрестер мемлекетіміздің даму тарихы жолындағы қақтығыстарының бірден-бір бөлшегі. Маңдай тер мен ащы қанның дәмі сінген байтақ жерімізге бостандық оңайлықпен келген жоқ. Осы себепті ұлы жеңісіміз — тәуелсіздігімізді баянды етіп, ұрпаққа аманаттау – біздің ұлы борышымыз.

Қасым-Жомарт Кемелұлының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы бұған тағы бір мәрте дәлел. Біздің ендігі алға қояр мақсатымыз табысты, әділ мемлекетті дамыту. Тарих арқалап, мәдени мұрамызды шыңдау, даму бағытында еңбек ету.

Мақаласында жер мәселесіне ерекше назар аударған ел президенті жерімізді қанаттыға қақтырмай сақтауға үндейді.

-Жерге байланысты бәріміз айқын білетін және бұлжымайтын ақиқат – қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды. Осыны әр азаматымыз санасына берік сіңіруі қажет,-дейді ол нық сеніммен.

Артта қалған 30 жыл ішінде әлемдік өркениетте орны бар әлеуетті мемлекетке айналған қазақ жері бабаларымыздың аяулы аманаты. Сол себепті ел үшін қызмет қылу біз үшін үлкен құрмет, елеулі парыз.

Қасым-Жомарт Кемелұлының мақаласында мемлекеттік тілді әр азамат білуге керек екені де баса айтылған. Ана тілімізді ардақтап, оны одан әрі дамыта түсу керектігі туралы айтқан сөздері де еліне, ана тіліне жаны ашыған әр азаматтың көңілінен шыққаны сөзсіз.

Бибигүл Ахметжанова

«Nur Otan» партиясы аудандық  филиалы

төрағасының бірінші орынбасары