13.11.2020, 18:16
Қараулар: 81
Қамсыздықтан зиян көп

Қамсыздықтан зиян көп

«Covid-19» індетінің беті қайтар емес. Соңғы уақытта өңірімізде жаман ауру жұқтырғандар саны артып, жағдай күрделене түсті. Ауданға қарасты барлық округтерде құрылған арнайы мониторингтік топтар адам көп шоғырланатын орындар мен азық-түлік дүкендеріне барып, сақтық шараларының сақталуын қадағалауда.

Жуырда Егіндібұлақ ауылдық округі әкімдігі жанынан құрылған топ ауылдағы барлық дүкендерді аралап, сатушылар мен ауыл тұрғындарына БҚО бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің №33 қаулысын түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар карантин талаптарын қатаң сақтау керек екенін де ескерткен топ мүшелері сауда орындарында антисептиктер мен басқа да қорғаныш құралдарының болуына үлкен мән берді.

Брашюралар таратты

Қазіргідей аумалы-төкпелі заманда сақтық шараларын қатаң ұстану өте маңызды. Ауру өршіп, індет жұқтырғандар саны артып жатқан кезде қамсыз отыру халық денсаулығы үшін зиян.

Сол себепті ауданға қарасты барлық округтердегі мониторингтік топ мүшелері мен жастар ұйымдары covid-19 індетінің таралмауына үлкен мән беруде. Бірі тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізсе, енді бірі арнайы брошюралар таратып, елді қамдануға шақыруда.

Жуырда Көшім ауылдық округінің әкімдігі мен жастары ауылдағы сауда орындары мен медпунктті және жол бойындағы кафелерді аралап, аурудан қалайша сақтануға болатыны жайында үнпарақтарды таратты.

Сондай-ақ ауыл азаматтары жиналатын орындарға ауру жұқтыру қаупін қалайша төмендетуге болатыны жазылған арнайы плакаттар ілді.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы