10.12.2020, 9:18
Қараулар: 56
Шаштараз Ақмарал

Шаштараз Ақмарал

Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті дамытуға үлкен мән беріп келеді. Уақыт ағымына тез бейімделе алатын шағын және орта бизнес мемлекеттің негізгі қуаты болатынын да Елбасы өз сөзінде талай айтты. Соңғы жылдары кәсіпке бет бұрып, өз ісін бастаған жандар саны да артты. Қала іргесінде орын тепкен Бәйтерек ауданына қарасты Достық ауылында да шағын бизнес жақсы жолға дамыған. Ауыл адамдары осы күні нарық заңына бейімделіп, түрлі кәсіп ашуға ұмтылады. Оған мемлекеттік бағдарламалар мен түрлі грандтар да өз септігін тигізуде.

Осыдан бір жыл бұрын өзінің бизнес жоспарын құрып, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы қайтарымыз гранд ұтып алған Ақмарал Мыңжасарова ауыл ортасынан шаштараз ашқан. Осы күні оның кәсібі пайда түсіре бастады.

-Үкіметіміздің кәсіп ашам деген жанға қолдауын білдіретінін ауыл әкімдігі әрдайым айтып отырады. Өзім 2011 жылы шаш қиюдың әдіс-тәсілдерін меңгеріп алғаныммен кәсіп ашуға жүрегім дауаламай жүрген еді. Тегін гранд берілетінін естіген соң бизнес жоспар құрып, өнерімді кәсібіме айналдыруға бел будым,-дейді кәсіпкер.

Бір жылдан бері нәсібін кәсібіне айналдырған Ақмарал Аманғалиқызы осы күні облыстық аурухандағы жұмысын тастап, толықтай шаштараздыққа бет бұрған.

-Ауруханада кіші қызметкер болып жасадым. Барып келу жағы да қиын болатын. Шағын салонымды ашқалы тұрақты табысым бар. Оның үстіне әлдеқайда тиімді,-дейді А. Мыңжасарова.

Айтуынша, ауылда шаштараз ашылуы тұрғындар үшін қуанышты жағдай болыпты. Өйткені бұндағы баға қолжетімді әрі бұрынғыдай қалаға бармайды ешкім. Ақмаралдың осы кәсіпке бет бұрғанына жары Ерген мен енесі Әсем әжеміз де ерекше қуанған.

-Шаш қию өнерімнің бар екенін енем бұрыннан білетін. Бірнеше рет жұмысымды қойып, шағын салон ашу жөніндегі кеңесін де берген. Сол кісінің тілеуінің қабыл болғаны болар? Кәсібім өрлеп, клиенттерім көбейді,-дейді Ақмарал.

Еш уайымсыз бір жыл жұмыс істеген кәсіпкер жаңа оқу жылы басталғалы шаштараздың жұмыс кестесі өзгергенін айтады. Осы күні таңертен оннан он екіге дейін түсқайта төрттен алтыға дейін ғана кісі

қабылдай алады екен. Өйткені онлайн оқитын балалардың сабағын қадағалауы керек.

Осы күні Ақмарал Аманғалиқызының 11 оқитын Инабат есімді қызы да кәсіпке бет бұрған. Тырнақ әрлеу ісінің курсын оқып алған ол анасына қолғабыс етеді.

-Қазір жастар сұлулыққа үлкен мән береді. Олардың талғамына сай болу үшін шаш қиюдың түрлі әдістерін үйреніп, білігімді шыңдап отырамын. Соңғы жылдары тырнақ сервисі де ерекше дами түсті. Сол себепті қызымды арнайы курсқа беріп, осы кәсіпке баулыдым. Қазір оның өз клиенттері бар. Қосымша сабағына қажет қаражатты тауып отыр. Ең бастысы бұл жұмыс оған ұнайды,-дейді Ақмарал.

Міне, мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып, шағын болса өз кәсібін ашқан жан туралы айтпағымыз осы. Бүгінде Ақмарал мен қызы Инабатың отбасылық бизнесі дами бастады. Болашақта олар қасына кісі алып, салондарын кеңейтпек ниетті.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы