21.12.2020, 17:51
Қараулар: 78
Тік Ток-тың пайдасы бар, өз ығыңа жыға алсаң…

Тік Ток-тың пайдасы бар, өз ығыңа жыға алсаң…

Соңғы күндері сайттар мен түрлі газет беттерін ақтарып отырып, Тік Ток әлеуметтік желісіне қатысты жазылған мақалаларды көз шалады. Авторлары өзге демесең, барлығының айтары сол баяғы «Тік Ток-ты қадағалау керек, ол жердегі контент ұят, жастарды бұзуда» дегеннен әрі аспайды. Ия, ол жердегі контент расымен трэш. Бірақ онымен күрес желіні жабумен немесе қатаң қадағалаумен шешілмейді. Өйткені ол мүмкін емес.

Күресу үшін сол Тік Ток-тың не екенін білген дұрыс-ау. Бұл әлеуметтік желіні 2016 жылы Қытайдың «Вyte dance» компаниясы шығарды. Өз елінде ерекше танымал болған желіні көршіміз халықаралық нарыққа шығаруды ойластырды және дегеніне жетті. Ол шақта бұл желінің аты «Дауинь» еді. 2017 жылы жоғарыда аталған «Вyte dance» компаниясы «Мюзикал ель уайт» компаниясын сатып алды да, оны «Дауинь-мен» біріктіп, Тік Ток-ты шығарды. Қазір бұл әлеуметтік желіні 500 миллионнан астам адам пайдаланады. Дәл осы жерде бұл әлеуметтік желі туралы пайдалы ақпарат таусылады. Өйткені оған бір рет болса да кіріп көрген адам Тік Ток-та пайдалы дүния жоқ екенін түсінеді. Бірақ, бұл — оны жауып тастауға негіз емес.

Неліктен Тік Ток аз ғана уақыт ішінде жастардың сүйікті әлеуметтік желісіне айналып шыға келді? Соған жауап іздеп көрсек. ХХІ ғасырда барлығы оңтайландырыла бастады. Тіпті танымал болу да осы күні бір кездегіден әлдеқайда жеңіл. Алғаш ютуб шыққан күннен қазірге дейін желіге видео салу жағы оңай бола түсті. Ютуб блогер болу үшін белгілі бір машығың болғаны дұрыс. Сен видео түсіруді ғана емес, оны монтаждауды да білуің керек. Жыл өткен сайын танымал болғысы келетін жандардың саны арта берді. Ал желі жасаушылар олардың өмірін оңайлата түсті. Естеріңізде болса, вайн және снапчат атты әлеуметтік желілер де болды. Бірақ оларды инстаграм жұтып алды. Ақыр соңында әлем Тік Ток-қа келіп тірелді.

Алғаш рет кіріп көргенімізде оның функцияларының көптігі таң қалдырды. Adope Premier бағдарламасында жарты сағат отырып жасайтын видеоны Тік Ток-та екі-үш минут ішінде жасап шығуға болады. Сонысымен де бұл желі көпшілікке танымал әрі сұранысқа ие. Осыны пайдаланатын немесе кіріп көрген жандарды сөзге тартқанымызда олардың барлығы Тік Ток-та пайдалы ештеңе жоқ екенін айтты. Солай екені рас. Бірақ осыған дейінгі болған барлық әлеуметтік желілер алғашында сондай болды. Естеріңізде болса, инстаграм алғаш келген кезде көпшілік оған суреттерін салып, өздерінің ойларымен бөліскен-ді.

Дәл сол шақта инстаны да жақтырмай, пікірлерін білдіргендер болды. Ал қазір инстаграм дегеніңіз бизнеспен біте қайнасып кетті. Неге олай? Өйткені барлығы өзгеруде. Инстаграмның аудиториясы өсті. Өскен соң адамның сұранысы да өзгереді. Бір кездері инстаға суреттерін ғана емес, жеп отырған тамағына дейін салған азаматтар мен азаматшалардың алды 35-тен асты. Сол себепті инста да өзгеріп қана қойған жоқ, ерекше түлеп шыға келді. Уақыт өте келе Тік Ток-тың аудиториясы есейіп, ол да инстаграмның кейпіне ене қалса, таң қалмайық.

Жалпы қазақ қоғамы не болса соны қорқа қабылдап, жаңашылдыққа ұмтыла бермейтіндей көрінеді. Mail.ru агент шыққан кезде де оны жастарымызды бұзып жатыр деп жар салды, инста шыққанда да сол әнге басты көбі. Енді кезек Тік Ток-қа келді. Келесі әлеуметтік желі шыққанша осы пластинканы тыңдай тұрамыз. Бір қызығы біздің желі «жапқыштар» мен «қадағалағыштар» сол Тік Ток-қа тіркеліп, пайдалы контент қалыптастыруды ойламайды. Онымен күресудің жолы пайдасыз контентті пайдалымен ауыстыру екенін түсінетін кез келді ғой.

Сол себепті әр бұрышта отырып алып, мораль оқығанша, Тік Ток-қа тіркеліп, көпшіліктің сұранысына ие болатындай контент қалыптастырған жөн. Міне сонда ғана желідегі олқылықты жоюға болады. Алысқа бармай-ақ өткен айдағы «Мен туымды мақтан етемін» челленджін мысалға келтіруге болады. Сол кезде бүкіл инстаграм көк туымыздың түсіне боялды емес пе? Тік Ток-ты да пайдасы тиер контентпен өз пайдамызға жыға аламыз. Онымен күресудің жалғыз жолы осы.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы