21.12.2020, 17:49
Қараулар: 85
Сұлулық сыйлайтын сұлу

Сұлулық сыйлайтын сұлу

Соңғы 5-10 жылда сұлулық индустриясы ерекше қарқынмен дамуда. Соның ішінде әлеуметтік желілерде макияж түрлерін шебер жасайтын қыз-келіншектер көп. Опа-далапты сауатты қолдана білетін шеберлердің жұмысы өз алдына мамандыққа да айналып үлгерген. Сондықтан көп нәзік жандылар мерейтой мен салтанатты шара алдында сәндену үшін арнайы маманға жүгінеді.

Бүгінде еліміздің кез келген бұрышында сұлулық мектептері пайда болып, макияж курстары ашыла бастады. Сонымен қатар бұл қызмет қазіргі таңда табысы жоғары салалардың бірі саналады.

Бәйтеректік Римма Сарсенова — Көшім орта мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі. Бос уақытында арнайы қыз-келіншектерді сәндендіріп, табиғи сұлулықтарын айқын көрсеткенді ұнатады.

— Әріптесім макияжымды байқап, өзін әрлеп беруді өтінген күнге дейін визажист қызметін атқарып, қыз-келіншектерді сәндендіремін деген ой ешқашан болмады. Сол күнге дейін тек өзімді әрлеп жүргендіктен әріптес ұсынысы қобалжыты. Кейін орындаған жұмысым әріптесім екеуміздің көңілімізден шығып, оның мақтауы үлкен мотивация сыйлады,-дейді шебер.

Осы оқиғадан соң Римма визажист қызметіне қызығушылық танытып, іздене бастайды. Түрлі сайттарды шолып, әлеуметтік желілерден роликтер көреді, мақалалар оқиды. Қолының икемі барын түсінген соң, керекті құрал-жабықтарын алып, қосымша жұмысына бел шеше кіріседі.

Алғашында жас визажист Instagram желісінен арнайы парақша ашып, жұмыстарымен бөліседі. OLX платформасына жарнама ұсынып, клиент қабылдайды. Күн санап оның қызметіне жүгінушілер көбейгн кезде Римма арнайы оқудың қажеттілігін түсініп, қызметін кәсіби түрде жетілдіруді қолға алған.

-Алғашында ешқандай курстардан өтпестен жұмысыма кірісіп кеткеніммен күн сайын түрленген сұлулық индустриясына арнайы білімсіз бару оңай болмайтынын түсіндім. Өйткені тұтынушыларым да сертификат жайында сұрақтар қоя бастады. Сол себептен тез арада қаражат жинап, Орал қаласындағы арнайы маманның курсынан өтіп, бет әрлеу техникаларымды шыңдадым. Алған біліміммен шектеліп қалмай Ресейдің танымал визажистері Гоар Аветисян, Евгения Ежова, Елена Санко, Мария Калашниковалардың онлайн шеберлік сабақтарына қатыстым. Қазақстанның топ визажисті саналатын Санди Бексырға, Орал қаласының танымал визажистері Малика Хабиева, Санида Меденовалардан шеберлік сабақтарын алдым. Бұл — басқа да шеберлік сабақтары мен сан мыңдаған роликтерді санамағандағы игерген білімім,-дейді Римма.

Өзін шығармашылыққа жақынмын деп есептейтін визажист макияжбен қатар сурет салу, эпоксидті ыдыс-аяқ жасаудың да қыр-сырын менгерген. Түрлі фотосессияларға қатысушыларды осы күні Римманың көмегіне жүгінеді. Сондай-ақ өзі де фотосессиялардың тұрақты қатысушысы. Сұлулықтың кез келген түрінен, табиғаттан, жағымды адамдардан, музыкадан шабыт алатын Римма Сарсенова жұмысын ерекше сүйетінін айтады. Сондықтан ол болашақта қыздарға сұлулық сыйлап, аруларды қуантамын деген мақсатпен кәсібін жаңа қырынан жандандыруды жоспарлауда.

Иә, бүгінде сапасыз макияжбен жүру ыңғайсыздық тудыратын заман болды. Бояуды арнайы ережелері бойынша жүзімізге қондыру бәріне міндет болып кеткендей. Осы ретте косметологтар мен визажисттердің атқаратын рөлі ерекше дәуір келді десек, артық емес. Біз бұны дамудың жаңа белесі деп санаймыз.

Аружан АМАНЖОЛ,

Бәйтерек ауданы