4.01.2021, 12:15
Қараулар: 29
Онлайн кездесулер нәтижесін беруде

Онлайн кездесулер нәтижесін беруде

Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттығына үміткерлер сайлаушылармен онлайн кездесу өткізуді қолға алды.

Сондай кездесудің бірі Янайкин ауылдық округінің бастауыш партия ұйымы өкілдерімен өтті. Шара барысында үміткерлер сайлауалды бағдарламасын таныстырып, көпшілікті алда болатын сайлауға қатысуға шақырды. Сонымен қатар аудандық мәслихат депутаттығына үміткер Әсел Ижанова да әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирге шығып, «Үміткерге сұрақ қой» іс-шарасын өткізді.
Эфир барысында тұрғындар алыс ауылдарға тартылар жол және аудан орталығындағы қоқыс жәшіктерінің тазалығы жайында сұрақ қойды. Оған Ә.Ижанова толық әрі нақты жауап беріп, ел болашағына бей-жай қарамайтын әр тұрғынды 10 қаңтар күні болатын сайлауға белсенді қатысуға шақырды.

Мұндай кездесуді облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Марзия Кунусбаева, аудандық мәслихат депутаттығына үміткер Ұлданай Сейітқалиева мен Айнұр Кужабаева да өткізді. Болашағынан зор үміт күттірер жас үміткерлер аудан жастарымен ZOOM платформасы арқылы тілдесті. Негізінен «Жастар тәжірибесі», «Дипломмен – ауылға» бағдарламалары жайында сөз қозғаған олар әр жасты толғандырған сұраққа нақты жауап берді. Сонымен қатар онлайн кездесу «Жайықмұнай» ЖШС жұмысшыларымен де өтті. Оған қатысқан үміткерлер мұнайшыларға сайлауалды бағдарламаны таныстырып, ел ішінде қандай жақсылықтар орын алып жатқанын айтты.