13.01.2021, 14:56
Қараулар: 27
Кім болған жөн

Кім болған жөн

Бүгінде еңбек нарығы үлкен өзгерістерге ұшырады. Бір кездері сұранысқа ие болған жұмыс орындары жойылып, орнын жаңа заман жұмыстары басып жатыр. Десе де әлі де сұранысқа ие немесе жаңадан пайда болып, маман тапшылығын көріп жүрген орындар бар. Қазіргі қазақ елінің жұмыс нарығында қандай мамандықтар сұранысқа ие? Ел болашағы саналатын жастар кім болғаны дұрыс? Тіпті дипломы бар қыз-жігіттеріміздің өзі жұмыс таппай қалатын заманда азаматтарымыз қай бағытқа бет бұрғаны жөн деген сауалдарға жауап іздеп көрдік.

ХХІ ғасыр — ақпараттық технологиялар заманы, сондықтан да қазір программисттердің еңбегі жақсы бағаланады. Сонымен қатар күн санап көбейген бизнес субъектілері де өз ісін толықтай меңгерген программисттерді жерде қалдырмайды. Өйткені бүгінгі таңда барлық офистер компьютерлермен жабдықталған және оларды жөндей білетін адам керек. Ал егер маман түрлі сайттарды құра білсе, оның жалақысы бірнеше есе өседі. Ал енді көпфункционалды сайттарды жасай алатын программисттер тіптен жоғары бағаланады. Неге десеңіз, өзін нарыққа шығарған кез-келген компанияның сайты болуы керек. Ал сайтты құрып қана қоймайсыз, оны жаңартып, тазартып отыру да үлкен еңбек. Бүгінде жақсы программисттің еңбегі 250-300 мыңға бағаланады. Егер де програмист үлкен әрі көпфункциялы сайттар жөнге келтіре алатын боса, жақсы компания ондай компьютер маманына миллионға дейін ақша төлейді.

Сондай-ақ көлік жөндей білетін жандар да жақсы ақша таба алады. Өйткені осы күні кез келген отбасы көлік мініп алды. Елге жүздеп кіріп жатқан Ресейдің ескі көліктері істен шығары анық. Рөлде жүргенімен, көп адам өздігінен машинасын жөндей аламайтыны да бар. Сол себепті көлік жөндеу шеберіне барады. Жолы болмай, автокөлік иесі жол-көлік оқиғасына түскен жағдайда машинаны жөндеу тіптен қымбатқа шығады. Сол себепті ер азаматтар автослесарь мамандығынан қашпағаны абзал. Оның үстіне жұмысшы мамандықтарға оқу елімізде тегін.

Бұл аз десеңіз, құрылыс саласына да баруға болады. Қазір тас қалау білетін, үй ішін сәндеп, төбе жапқан құрылысшылар жұмыссыз отырған жоқ. Осы күні құрылыс саласында жүрген отандастарымыз ақшалы азаматтарға бір қабатты үй тұрғызып беруге бір миллионнан астам ақша алады. Ал қалталы жігіттер бір қабатты үйді місе тұтпасы анық. Оған үй төбесін жабу мен ішін әрлеуді қоссаңыз, сомма әлдеқайда ұлғая түседі. Сантехника мен электр құрылғыларын орнатуды да меңгеріп алған бригада өз жұмысын жөнді атқарса, тым жақсы ақшаға кенелері хақ. Тек тапсырыс берушімен құрылысшылар арадағы келісімді дұрыс жасағаны абзал. Құрылыс саласында білім аламын деген жастарды да мемлекет өз есебінен оқытатынын да

ұмытпайық. Сондықтан мамандық таңдауға келгенде міндетті түрде жоғары оқу орнына түсуге асықпаған дұрыс.

Еңбек етемін, жаңа нәрсені үйренеміз деген бұрымдыларымыз да далада қалмайды. Өйткені қазір «бьюти бизнес» қарқынды дамуда. Сұлу көрінуге ұмтылған сылқымдар салондар мен түрлі сұлулық сыйлайтын шеберлерге ақшаны аямай құяды. Тіпті инстаграмға кіре қалсаңыз, шашыңызды ғана емес, тырнағыңызды да әрлеп беруге дайын тұратын салондар мен шеберлердің жарнамасынан аяқ алып жүре алмайсыз. Жай ғана тырнақ бояп алудың өзі 2500 теңгеден 15 мың теңгеге дейін барады. Кірпік өсіру, шаш өсіру, қабақ жұлу, шугаринг және бұдан басқа қызметтерді көрсететін азаматшаларымыздың жұмысы тиісінше жоғары бағаланады. Осы сұлулық сыйлау бизнесінде жүрген қыздарымыз айына 100 мың, тапсырыс беруші көбейген шақтарда миллионға дейін табыс табатынын жасырмайды.

Жастарымыз аспаз сияқты мамандықтан да қашады. Астарына үңілсеңіз бұл да өте пайдалы қызмет. Қала ішін аралап шыққан жан донер мен суши және бургер жасайтын шағын кафелер мен ресторандардан көп нәрсе жоқ екенін көреді. Егер аспаз мамандығын меңгерсеңіз, тек біреудің қарамағында емес, өзіңіздің шағын кәсібіңізді ашып, қызмет жасай аласыз. Сондай-ақ кондитерлер де ешкімнен кем емес. Түрлі тәттілер мен торттарға деген сұраныс та жоғары.

Қазіргі заманда тігінші болудың да сөкеттігі жоқ. Бұл мамандықты игерген жан кез келген адамның балағын қысқартумен айналыспайды. Өзінің шағын тігін цехын да аша алады. Ал қалталылар арасында эксклюзив киімдер жоғары бағаланады. Оралдың өзінде өңір тігіншілері мен киім дизайнерлері бірігіп үлкен сауда орындарының бірінде бутик ашты. Әдемі көйлек, ұлттық нақыштағы бұйымдарды сол жерден табуға болады. Егер де тігінші өз жанынан жақсы тауар ұсына алса, оның ісі үлкен табыс әкелері шүбәсыз.

Сондықтан екінің бірі әкімшілікте маман болуға міндетті емес екенін де ескерсе екен көпшілік.

Көріп отырғаныңыздай бүгінде қызмет көрсету саласы мықты дамыған. Бірақ мамандық игердім, енді менің ақшам қайда деуге тағы болмайды. Өйткені біреу біреудің қотырын қасымасы анық. Мамандықты меңгеру бір оны дамытып, хас шебер атану мүлде басқа. Сол себепті әрекет етіп, өз ісіңнің нағыз маманы болуға ұмтылғанда ғана табысқа кенелетінімізді естен шығармайық. Шала маман еш жерге қажет емес.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы