9.11.2020, 9:27
Қараулар: 80
Жапырағын жайған – бәйтерек

Жапырағын жайған – бәйтерек

Отбасы – қасиетті ұғым. Елу жыл бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп, өмірдің ащысы мен тұщысын, ыстығы мен суығын бір көрген Абай Құрмашев ағамыз бен жары Тәнзиля әжейдің өмірі көпке үлгі. Сырым батыр туған Жымпиты ауданында дүниеге келіп, үлкен өмір жолын да сол жерде бастаған қос қария бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере-жиендерінің ортасында тату-тәтті ғұмыр кешуде. Бар өмірін ауыл шаруашылығы саласы мен ұл-қыздарының тәрбиесіне арнаған қос бәйтерек бейнетіміздің зейнетін көріп отырмыз,-деп марқаяды.

Берекесі артқан, татулығы үлгі жанұяның отағасы Абай ағамыз. Қазіргі Сырым ауданына қарасты Өлеңті ауылында дүниеге келген. Баласының білім алып, оқығанын қалаған әкесі оны өзі тұратын Өлеңтіге қарасты қыстағынан алыстатып, Тасқұдық ауылындағы ағасы Тастайдың қарамағына береді.

-Тастай ағамыз ұстаз болды. Әкем мені білім алсын деп сол кісінің қарамағына берген. Осылайша бірінші сыныпты Тасқұдық ауылында бастадым. Кейін ағам жұмыс бабымен Жымпитыға ауысқанда мені бірге ала кетті. Екі жыл сол аудан орталығында білім алдым. Ағамды екі жылдан соң Қособа кеңшарына ауыстырғанда да ілесіп бардым. Ол ауылда сегізжылдық мектеп болатын. Мен 1962 жылы тек жетісін аяқтап, әрі қарай оқымадым. Еңбекке араластым,-дейді Абай ағамыз.

Жас Абай жетіні аяқтаған соң ағаларына қолғабыс етіп, қара шаңырақты тұрғызу ісіне кіріседі. Көп ұзамай үй құрылысы аяқталған соң ол кеңшарда қара жұмысшы болып, еңбек жолын бастаған. Жұмыс жасай жүріп, кешкі мектептен білімін толықтырады

-Кешкі мектепте үш ай оқыдық. Менімен қатар тағы он шақты жігіт болды. Егіс жұмыстары басталар кезде комбайнер-тракторист деген құжат алдық,-деп еске алады өзінің жастық шағын ағамыз.

Наурыз айында оқуын аяқтап, Т-40 тракторының тізгініне отырған Абай Құрмашұлы бір жылдан соң жаңа тракторге ауысқан. Ол шынжыртабанды агрегатты қазіргі Ақсай қаласынан елге жеткізгені де ағамыздың есінде. Екі жыл елде қызмет еткен ол 1966 жылы отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Қазіргі Ресей Федерациясы аумағындағы Киров облысының Слободской қаласындағы әуе қорғаныс күштері сапында әскерде болған. 1968 жылы елге оралып, қайтадан жұмысқа кіріседі.

Ал 1970 жылдың бесінші қазанында ағамыз Тәнзиля атты сұлумен отбасын құрады. Басқа жандар секілді Тәнзиля әжемізбен кездесіп, махаббат

кештерін өткізбеген оның отбасын құру хикаясы ерекше. Ағасы Тастай ауылда жылқышы боған Сапа атты досымен келісіп, балиғатқа жеткен жастарды қосуды ұйғарыпты. Сөзге берік ол кездің қариялары балаларды сырттай табыстырып қойса керек.

-Ағам мен қайын атам жақын дос болған соң құдандалы болуды шешкен. Сыртымыздан құда түсіп, келісіп қойыпты. Алғашында Тәнзиля екеуміз қарсылық танытқандай болған едік. Үлкендер келістірді. Сол ата батасының қабыл болғаны шығар, жан жарым екеуміз елу жыл бойы арамыз ажырамай, тату тәтті ғұмыр кешіп келеміз. Бала сүйдік, немере-жиендеріміз бар,-дейді Абай аға.

Осылайша отбасын құрып, жаңа өмір бастаған кейіпкеріміз 1972 жылға дейін трактор жүргізген. Кейін Орал қаласына келіп, арнайы жүргізушілер курсына оқуға түседі.

-Тракторды тапсырып, қалаға келген соң Победа 28дегі автомектепке оқуға түстім. Алты айдан соң көлік жүргізуші деген құжат алдым.елге оралып, комбайн жүргіздім. Артынша газон, кейін он жыл ЗИЛ жүргізушісі болдым. Осынша тәжірибем барын ескерген кеңшар басшылары маған камаз автокөлігін сеніп тапсырды,-дейді ол.

Содан КСРО ыдырағанша камаз тізгінінде болған ағамыз 1994 жылы сырқаттанып, көлігін ұлына береді. Бар өмірін еңбекке арнаған ол жазылып шыққан соң жеңілдеу УАЗ көлігіне отырған. Тоқсаныншы жылдардың басында кеңшар ыдырап, ауылдар құри бастады. 1995 жылы жағдай тіптен қиындап кеткен соң кейіпкеріміз облыс орталығына жақын жерге қоныс аудару туралы шешім қабылдайды.

Абай Құрмашұлы қалаға келген кезде оңай болмағанын айтады. Камаз жүргізушісі, күзетші де болған. Жалақының аздығына қарамай, қолдан келгенше амалдап жүріпті. Тіпті ақша болмай, жалақы орнына азық-түлікпен есептескен шақтарды бастан өткергені де ағамыздың есінде.

-Туған топырақты тастап, көшкен соң Трекин ауылынан үй алдық. Жұмысқа келіп кетудің өзі қиын болған шақтар болды. Қыстың суығына, жаздың аптап ыстығына қарамастан еңбекке адал болдым,-дейді ағамыз.

Содан бұл жағдай жақсылыққа апармайтынын білсе керек, 1985 жылы ақша жинап, жаңалай сатып алған нивасын саудаға шығарып, орнына камаз сатып алыпты.

-Сол ауыр көлігіммен түрлі тапсырыстар алып, азық-түлік тасумен айналыстық. 2007 жылы «Аққайнар» ЖШС жұмысқа тұрдым. Ауылдар мен

базарларға қажетті зат тасыдық. Осы күні ісіміз оңынан басып, бар қиындық артты қалғандай. Қазір ұлым Қайрат жол бойынан үлкен кемпинг ашты. Бір камазбен бастаған ісіміз кеңіді. Трекиннен Мичурин ауылына қоныс аудардық. Осы жерден кең сарайдай үй тұрғыздық,-дейді Абай аға.

Кейіпкеріміздің ұлы Қайрат бүгінде кәсіптің көзін тауып қана қоймай, оны кеңейтіп, 50 шақты адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның ауданымызға қарасты Мичурин ауылы маңынан тұрғызған кемпингі көлік жүргізушілерінің тоқтап демалатын сүйікті орнына айналған. Ішінде тек тамақ ішіп қана қоймайсың, жуынып, мызғып алуға да мүмкіндік жасалған. Тіпті намаз оқитын жүргізушілерге арналған арнайы бөлмеге дейін бар. Алыс жолдан шаршаған жүргізушілер осындай демалыс орнын салған Абай ағамыздың ұлына ризашылығын білдіріп жатады екен. Одан кейінгі ұлы Талғат әке жолын қуып жүргізуші атаныпты. Алыс жолға жүретін ауыр жүк көлігін тізгінінде ол.

-Жолдасым екеуміз бес бала көрдік. Жаратқанның сынағы болар, екеуін жер қойнына тапсырдық. Қазір үшеуі бар. Үлкеніміз Гүлнәр деген қызым Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Одан кейінгісі – Қайрат. Ал қолымызда Талғат деген ұлым тұрады. Шүкір, солардың қызығын көріп отырмыз,-дейді Құрмашевтар.

Бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырған Абай ағамыз бен Тәнзиля апамыз ұл-қыздан тараған немере-жиендерінің ортасында. Өмірлерінің мәні де, мағынасы да – сол ұрпағы. Апамыз немерелерінің тамағын пісіріп, еркелетсе, ағамыз таңмен тұрып мектепке баратынын мектепке, жұмысқа баратынын жұмысқа тасиды.

-2010 жылдың қазанында зейнетке шықтым. Содан бергі жұмысым – немерелерімді мектепке апарып, алып келу,-деп күледі аға.

Балаларын да, немерелерін де білім алуға үндейтін Абай Құрмашұлы мен жары Тәнзиля солардың сабағын мықтап қадағалайды. Сол ата мен әженің тәрбиесінен болар, осы күні немерлерінің алды еліміздің іргелі оқу орындарын тәмәмдаған Наргиза немересі елордасындағы Л.Гумелев атындағы Еуразия ұлттық университетін есепші мамандығы бойынша аяқтап, осы күні еңбек жолын бастапты. Азиза деген немересі Алматы қаласына оқуға түскен. Ал Құрмашевтар отбасының қос бәйтерегі Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебін аяқтап, «Болашақ» бағдарламасы бойынша алдымен Австрияға, одан соң Финляндияға білім алып жүрген Ербол деген немересін мақтан етеді.

-Шетелде оқып жатқан немерем ІТ саласының маманы. Өз күшімен оқуға түсті. Негізі Австрияда білім алатын еді. Ол жақтағы сабақтар неміс тілінде жүретін болғандықтан өз еркімен Финляндияға ауысты. Болашақта сол бала елге оралып, мемлекетімізге пайдасын тигізсе деген арманымыз бар. Немере-жиендеріміздің барлығын бірдей көреміз. Бұлардан бөлек мектеп жасындағы Надя, Ерасыл, Ерсұлтан деген немерелеріміз бар. Бар тілеуіміз сол ұрпағымыздың амандығы,-дейді ерлі-зайыпты Құрмашевтар.

Кішкене ғана ауылда туып, өз еңбегімен балаларын аяқтандырған, немерелерін білімге құмар еткен, елге сыйлы Абай ағамыз бен Тәнзиля апамыз туралы айтпағызым осы. Олардың Мичурин ауылынан салып алған үйі бүгінде ойдағы-қырдағы тума-туыстың басын қосып, алысты жақын, жатты туыс қылатын қара шаңырақ. Бір кездері Өлеңтіні жайлаған ағамыздың ет жақын туыстары да қалаға келген шақта Абай ағамызға соғып, ақ батасын алып кетуді дәстүрге айналдырған. Жуырда аудан әкімі Марат Тоқжановтың өзі оның шаңырағына арнайы барып, ерлі-зайыпты Құрмашевтарды алтын тойымен құттықтады.

-Жасымыз жетпістен асқандағы бақыт–елдің құрметі мен немере-жиендердің махаббаты және артыңнан ерген іні-келіндердің сыйластығы екен. Еліміз тыныш, іргеміз бүтін болсын,-дейді қос бәйтерек.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы