6.01.2021, 12:09
Қараулар: 47
Ерекше акция

Ерекше акция

Бәйтерек ауданынан облыстық және аудандық мәслихат депутаттығына үміткерлер «Есіктен – есікке» акциясын ерекше ұйымдастырды. Салауатты өмір салтын қалыптастырып, елді спортпен айналысуға үгіттеуді мақсат еткен Ұлданай Сейітқалиева, Дархан Қажмұратов, Ерназар Амангелдіұлы және Нұрсәуле Есенәлиева сияқты жас үміткерлер Щапов ауылынан Өркен ауылына дейін шаңғымен барып, тұрғындарды сайлауға қатысуға шақырды.

Үміткерлерді жылы қарсы алған өркендік ағайын күн санап еліміз дамып келе жатқанын, алайда ауылға келер жолдың сапасы сын көтермейтінін жеткізіп, жастардың бос уақытын өткізетін орын салынса деген тілегін білдірді.

«Nur Otan» партиясы қашан да азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруды бірінші орынға қоятынын ауыл тұрғындарына жеткізген үміткерлер елді мекендердің инфрақұрылымдық, коммуникациялық желілерін қамтамасыз етуді қолдайтынын, сондай-ақ қолайлы экологиялық жағдайды сақтауға бағытталған «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Ауыл – ел бесігі», «Құтты мекен» жобаларын іске асыруға қолдан келгенше көмек көрсетуге дайын екендерін айтты. Сонымен қатар ұялы байланыс сапасын жақсарту мақсатында аудандағы Болашақ және басқа да ауылдарға қосымша құрылғылар орнату мәселесі де назардан тыс қалмайтынын қаперледі.

«Шаңғымен ауылдарды аралап, елдің жағдайымен таныстық. Ауыл азаматтарын нақты қандай мәселе толғандыратынын білдік. Мұндай іс-шараларды жиі өткізетін боламыз», – дейді акцияға қатысушы Ұлданай Сейітқалиева.