28.01.2020, 10:20
Қараулар: 124
Аудан еріктілері партияның акциясына үн қосуда

Аудан еріктілері партияның акциясына үн қосуда

«Nur Otan» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында Бәйтерек ауданында бірқатар шаралар жүзеге асты.


Ауданға қарасты Январцев ауылдық округінің жастар жетекшісі ауыл мектебінің оқушыларымен бірігіп, жалғызбасты зейнеткер Людмила Фандинаның ауласындағы қарды аршуға қолғабыс етсе, олардан қалыспаған раздольныйлық жастар да ауылда тұратын Людмила Спиридонова және Валентина Касивсова атты ардагерлерге қол ұшын созып, көмектерін көрсетті.

Ауданның барлық ауылдарында өтіп жатқан акцияға Железнов ауылының бастауыш партия ұйымының жетекшісі Ақсұлу Иманқұлова да өз үлесін қосуда. Ауыл дәрігері мен клуб меңгерушісін қасына алған Ақсұлу Төлепқызы құр көмек беріп қана қоймай, ауылда тұратын барлық жалғызбасты зейнеткерлердің үйіне кіріп, денсаулығы мен қан қысымын тексеруде. Партиялықтарға риза болған железновтық ардагерлер алғыстарын жеткізді.

Бұдан бөлек Дариян және аудан орталығы Переметный ауылдарында да аталмыш акция бойынша біраз ардагерге көмек көрсетілген.

-Акцияның басты мақсаты келер ұрпаққа өнеге болар ардагерлеріміздің еңбек жолын дәріптеу. Сонымен қатар аға ұрпаққа деген құрметімізді көрсетіп, жақсылыққа тәрбиелеу. Біз бұл шараларға бір реттік акция деп қарамаймыз. Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беру мақсатында ауданда еріктілер тобын құрдық. Игі шаралар жыл бойына жалғаса беретін болады, — дейді аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Алма Төлепқалиева.

Түгелбай БИСЕН