24.01.2020, 13:44
Қараулар: 123
Чемпион қыздың жаңа қыры

Чемпион қыздың жаңа қыры

Спорттық бағдарлаудан бірнеше дүркін ҚР-ның чемпионы, Азия чемпионатының қола жүлдегері, Бәйтерек ауданының мақтанышы Наргиза Иргусаеваның есімі спорт жанкүйерлеріне жақсы таныс.


Жастайынан еңбекқор болып өскен Наргиза ашқан «Zhannar_studio» ойын-сауық орталығы переметныйлық ағайынның қуанышын еселей түсті.

— Ауылда тойларға барғанымда той иелерінің көбі адам бойымен бірдей қуыршақтарды қаладан алдыратындығын көретінмін. Сұраныстың жоғары екендігін байқап, аталмыш кәсіпті ашуды жөн көрдім. Оның үстіне қазір ойын-сауық бизнесінің дамыған заманы, — дейді Наргиза.

Кәсіп бастау үшін Наргиза көп ойланған. Алғашқыда несие алсам деген ойы да болғандығын жасырмайды. Кейін анасы мемлекет ұсынған «Бизнес бастау» бағдарламасы бойынша бір айлық курсын оқып көру туралы ұсыныс жасапты. Кәсіп бастауға тамаша мүмкіндік екендігін түсінген ол анасының ұсынысын қабыл алып, курсты аяқтап, грант жеңіп алады.

— Қазір елімізде жұмыс жасаймын деген жан жерде қалмайды. Тек еңбектеніп, іздене білсең болғаны. «Бизнес бастау» мектебі де көп нәрсеге үйретеді. Өзімнің оқып жатқан мамандығым экономика саласы болғаннан кейін оқу оңай болды. «Мен жұмыссызбын» деп алақан жайып отырғанша осындай мемлекетіміз берген мүмкіндікті пайдалану керек, — дейді Наргиза.

Аудан орталығынан бөлек Зеленый, Железнов ауылдарының тұрғындары мен Орал қаласында Наргизаны өз қуаныштарына шақырып, тапсырыс берушілер саны артқанға ұқсайды.

Тек қуыршақ болып киініп, көпшілік қуанышын бөлісуді ғана емес, ойын-сауық орындарын безендіру ісін де қолға алған қаршадай қыз болашақта тапсырыстар көбейіп жатса, қасына көмекшілер алуға да дайын. Әзірге чемпион қыз той-томалақты безендіру, қуыршақ болып киініп, ел көңілін көтеру ісін де бір өзі жасап келеді.

 Түгелбай БИСЕН

 

«Бизнестің жол картасы - 2020»

Басқа да мақалалар