12.11.2020, 18:08
Қараулар: 61
Жыл басынан 20 жол апты орын алған

Жыл басынан 20 жол апты орын алған

Бірнеше айдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Адал көмек» жобасы аясындағы кезекті тікелей эфирге аудандық полиция бөлімі Әкімшілік полиция бөлмішесінің бастығы, полиция аға лейтенанты Амангелді Мекин шықты.

Өзі басқаратын бөлмішенің биылғы он айда атқарған жұмысы жайында баядаған Амангелді Әділұлының сөзінше, жыл басынан аудан аумағындағы жолдарда 20 жол көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 20 адам жарақат алған болса, 7 адам көз жұмыпты.

-Жол көлік оқиғаларының негізгі себебі ара-қашықтықты сақтаумау және маневр жасау кезінде көлік тізгініне ие бола алмай қалу, сондай-ақ жүріс жылдамдығын асырудан болып отыр,-дейді А. Мекин.

Эфир барысында Амангелді Әділұлы ащы су ұрттап алып көлік рөліне отыратын жанжардың саны азаймай отырғанын да атап өтті. Айтуынша, жыл басынан бері мас жүргізушілердің кесірінен 3 жол апаты орын алған. Нәтижесінде 3 адам қаза тауып, 1 адам жарақаттаныпты. Жаяу жүргіншілер де жол апатына себепкер болуда екен. Он айда жүргінші кесірінен 1 ЖКО орын алған.

-Бағым малдар да жол апатына себепші болуда. Жыл басынан бері қараусыз қалған түлік кесірінен 7 жол көлік оқиғасы орын алды. Ең сорақысы көлік иесінің өміріне қауіп төндірген мал иелерін табу мүмкін болмауда. Өйткені машина астына түскен көп малдың айырым белгілері болмай жатады. Қазір аталған 7 факті бойынша іздестіру шаралары жүріп жатыр. Қараусыз мал кесірінен болған жол көлік оқиғаларының нобайы Орал-Атырау тас жолының бойында орын алады,-дейді Амангелді Әділұлы.

Эфир барысында полицей алдағы уақытта бағымсыз жүрген мал арнайы тұраққа қамалып, ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408 бабына сәйкес иесі жауапкершілікке тартылатынын да атап өтті. Биылғы он айдың өзінде түрлі заң бұзушылыққа жол берген тұрғындарға 217 әкімшілік хаттама толтырылған. Сондай-ақ көлікті масаң күйінде басқарған 76 тұлға ұсталып, жауапкершілікке тартылған. Жлпы жол ережесін бұзған азаматтарға жалпы соммасы 1403189 теңге айыппұл салынып, өндірілген.

-ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608 бабын бұзған жан 7 жыл мерзімген көлік басқару құқынан айырылып, 15 тәулікке

әкімшілік қамауға алынады. Егер бұл жағдай қайталанатын болса, ҚР ҚК 346 бабына сәйкес құқық бұзушы қылмыстық жазаға тартылады,-деді А. Мекин.

Әкімшілік полиция бөлмішесінің мамандары аудн орталығы мен Дариян, Трекин ауылдарының көшелерінде тексеру жұмыстарын жүргізіп, жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық жағында кеткен қателіктер барын анықтаған. Қазір ол олқылықтады жою туралы хат аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне жолданыпты.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы