27.12.2020, 9:54
Қараулар: 41
«Есіктен – есікке» акциясы жалғасуда

«Есіктен – есікке» акциясы жалғасуда

Аудандық мәслихат депутаттығына үміткерлер «Есіктен– есікке» акциясы бойынша кездесулер өткізіп, ағайынды толғандыратын мәселелермен етене танысуда.

Осы кезге дейін біраз ауылды аралаған үміткерлер Макаров, Мичурин және Трекин ауылдық округтерінің аумақтарында суармалы жер көлемін 1 мың гектарға ұлғайту, ірі қара санын 41 мың бастан 45 мыңға дейін көбейту жайында мәселе көтерді. Сондай-ақ 500 тоннаға арналған астық қоймасы, 800 тоннаға арналған майлы дақылдар қоймасы, көтерме сауда орталығы және жобалық қуаты жылына 2640 тонна көкөніс дақылдарын өңдейтін
кешен салу арқылы ауыл шаруашылық өнімдерін сақтау инфрақұрылымын дамытуға
болатынын жеткізді. Ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеудің жаңа нысандарын
ашуға жағдай жасауға 2025 жылға дейін жеке инвестиция есебінен екі өңдеуші кәсіпорынның ашылуына, оның ішінде көкөніс өнімдерін өңдеу кешені, сүтті қайта өңдейтін шағын цех ашу сияқты орынды мәселелерді де халық назарына
ұсынды.

Железнов ауылында 5000 басқа дейін мал бордақылау алаңының салынуына, пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы алқаптарының айналымға қосылуына ықпал
етуді де сайлаушылар назарына ұсынған үміткерлер 2025 жылға дейін Шалғай ауылдық
округіндегі тоғандарды қалпына келтіру үшін инвесторлар тарту бойынша жұмыс жүргізу керегіне тоқталды. Осыларды қолға алу нәтижесінде азық-түлік, тауар бағасының негізсіз көтерілуіне жол берілмейтін болады.

Еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, кадрларды қайта даярлау бағдарламасын
тиімді іске асыру да акция ұйымдастырушыларының назарынан тыс қалмады. Ауданның 10 ірі және орта кәсіпорнымен қызметкерлер санын қысқартуға жол бермеу жөнінде жыл сайын меморандум жасасу кездесулер барысында көтерілді. Сонымен қатар мәслихат депутаттығына үміткерлер ауыл тұрғындарының көкейкесті сұрағына жауап берді. Негізінен тұрғындар мал жайылымы, ауылда қосымша жұмыс орындарын ашу сияқты мәселелер көтерді.