17.11.2020, 18:43
Қараулар: 106
Ауылдың тынысы жастардың досы

Ауылдың тынысы жастардың досы

Төстіктей өспесе де, Толағайдай түрленген заманда жаңалықтан құр қалуға әсте болмайды. Осы жолда «елдің мұңын мінбедегілерге жеткіземіз, жалғыздың мұңын көптік еткіземіз, жақсыны жақтап жаманды жырақ еткіземіз» деп ел мен ердің, басшы мен қосшының, алыс пен жақынның арасына алтын көпір орнатқан өткір сөзді тілшілерді айтпасқа болмайды. Қызыл тілден қыран баптап, ел мұңы мен ер құнын сұрауға қауқарлы тілшілерді шығарған, талай жанның көкейіндегісін қағазға түсірген аудан газеті биыл мерейлі жылын тойламақ. Осы қызметте аянбай жұмыс атқарған, әлі де қызмет атқарып жүрген тілшілер, газетіміздің бүгінгі күнге дейінгі жеткен жетістіктері үшін тер төккеніне әр шығарылымы куә.

Аудандық қоғамдық — саяси газетті өзім де жақсы көремін. Жақсы көруге де негіз бар секілді және бір емес бірнеше. Олай болса, ендігі менің тарқатқалы отырған тақырыбыма құлақ түріңіз.

Болашақта мен де журналист мамандығын игергім келеді. Сол себепті де тілшілердің мақалаларын көзден таса етпей, оқып жүремін. Біріншіден, аудандық газет оқырман ойымен санасатындығымен бағалы. Бұны мен бірнеше рет байқадым. Үнемі оқырман ой-пікірі ескеріледі. Сондай-ақ, газет пен оның әлеуметтік желідегі парақшасы тығыз байланыста. Сол себепті де заман ағымына сай ілгері басып келеді. Оқырманымен шынайы кері байланыс орнатқандарына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Екіншіден, газет жас қаламгерлерді қолдап, жас буынның тырнақалды туындыларының куәгеріне айналды. Демек, шығармашыл жасар үшін — алғашқы баспалдақ.

Үшіншіден, әрине, жаңалықтағы жаңашылдық. Бұл газетте шыққан бір мақала екінші рет қайталанбайды. Міне, осылай оқырман қызығушылығын сақтайды. Күннен күнге неше түрлі қызықты айдарлар ойлап табуда. Бұл да оқырман тартудың бірден бір жолы. Қайда жаңалық болса газетшілер сонда. Мақаланы қызықтырып салудың жолдарын табады, сол үшін де бұл еңбектері оқырман тарапынан жоғары бағаланып жүр.

Қорыта айтқанда,тілден түйін түйген тілшілеріміздің еткен еңбегі ерен. Осындай еңбекқор, кәсіби тілшілерге қарап журналист болғым келеді. Осы тынымсыз қызметтеріндегі тындырымды жұмыстары үшін «Ауыл тынысы» газеті ұжымына үлкен алғыс айтамын және келе жатқан мерекесімен құттықтаймын.

Назерке СИЛЫБАЕВА

Қ. Аманжолов ЖОББ мектептің

11-сынып оқушысы