31.01.2017, 16:40
Қараулар: 79
БАЛАЛАР САЗ МЕКТЕБІ БАС ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

БАЛАЛАР САЗ МЕКТЕБІ БАС ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ


Ағымдағы жылдың 26-27 қаңтары күндері «Жеті Өнер» шығармашылық орталығының қолдауымен Д.Нұрпейісова атындағы Атырау музыка колледжі базасында «Алатау шыңы» атты республикалық балалар мен жастар шығармашылық конкурсы өткен болатын.


      

IMG-20170129-WA0012Қазақстан Республикасындағы музыкалық және шығармашылық білім беруді дамыту, балалар мен жасөспірімдерге көркем эстетикалық тәрбие беру, дарынды жастарды анықтап, оларға шығармашылық тұрғыдан қолдау көрсету  байқаудың  басты мақсаты.

            Шара жеті аталым бойынша, яғни, аспапта орындаушылық (жеке және топтық — түрлері бойынша), дәстүрлі ән, ән салу (жеке немесе топтық орындау — түрлері бойынша), хореографиялық (жеке немесе топтық орындау — түрлері бойынша), мәдени-тынығу жұмысы (көркем сөз, скэтч, пародия), бейнелеу, сәндік өнер түрлерінен ұйымдастырылды.

Үміткерлер балдырған 5-8 жас, жеткіншек 9-12 жас, жасөспірім 13-15 жас, жас өрен 16-19 жас, жас дәурен 20-25 жас топтары бойынша бақтарын сынады.

            Алматы қаласының 1000 жылдығына арналған конкурсқа Батыс Қазақстан, Атырау облыстарынан және Орал, Атырау қалаларынан 600-ге жуық балалар саз мектебінің, орта жалпы білім беретін мектептерінің оқушылары, мұғалімдері қатысып куә болды.

IMG-20170127-WA0051            Ал байқауға қатысушылардың өнерін саралап, бағалаған әділқазылар алқасы құрамында «Жеті өнер» шығармашылық орталығының директоры С.Құрманова, продюсер, Халықаралық көркемөнерпаздар одағының мүшесі Р. Галимова, «Қазақстан ұстаздары» қоғамының мүшесі, ҚР Тәуелсіздігіне үлес қосқаны үшін және І дәрежелі Қазақстан ұстазы медалдарының иегері Л.Қажығалиева, домбырашы, Үздік педагог Г. Нұрмағанбетова, Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының педагогы, Ы.Алтынсарин атындағы медаль иегері, хореграф С. Жаскеленова, Халықаралық, Республикалық термешілер байқауларының лауреаты Б. Қажығалиев, ҚР білім беру және ғылым қызметкерлерінің Құрмет грамотасы иегері А.Амантурлина, ҚазБСҚА оқытушысы, магистр Ж. Тұраповалар болғандығын айта кеткен жөн.

            Осындай дүбірлі өнер додасына қатысқан кіл жүйріктердің ішінен біздің Зеленов аудандық білім беру бөлімі, Переметный ауылындағы балалар саз мектебінің оқушылары бас жүлдені қанжығаға байлап қайтқаны қуаныш, әрине.

            Тінін тарқаталық, «Елмұра» қазақ ұлттық кіші оркестрі бас жүлде, академиялық ән өнері аталымы бойынша жеткіншек тобында Тасболат Елдар бас жүлдеге ие болды. Жүлдегерлердің тәлімгерлері — Айнұр Дүйсенқызы Өтеулиева, Әсет Нұрланұлы Нығметов.

Жүлдегерлерге диплом мен сыйлықтар және арнайы сертификат табыс етілді. Айта кетейік, сертификат иегерлері ағымдағы жылдың сәуір айында Алматы қаласының 1000 жылдығына арналған Республикалық фестиваліне қатысып, бақ сынайды.

Жалпы, Переметный ауылындағы балалар саз мектебі үшін мешін жылы мерейлі жыл болды десек те болады. Мәселен, өткен жылы «Дала дарыны» республикалық байқауында  Сақтай Нұрсұлтан — эстрадалық вокал, Шүйінішқалиева Назерке — домра-прима (жетекшісі: Ләззат Майданқызы Қажығалиева), Сатаев Тагир — кларнет (жетекшісі Қайырбек Асылбекұлы Кажғалиев), Батырғалиева Самал — аккордеон ( жетекшісі Ольга Юрьевна Колесниченко) аталымдары бойынша жүлдегер атанып, арнайы сертификатқа, Республикалық фестивальге  қатысып аудан абыройын асқақтатқан еді. Ләйім, солай-ақ болсын!

— Республикалық, облыстық өнер байқауларында ерекше өнерлерімен көзге түсіп, балаларымыздың жеңіске жеткені біз үшін үлкен мақтаныш. Ұжымның бірігіп еңбектенуіне және көптеген жетістіктерге жетуіне ықпал жасап, балалардың бойындағы дарындылық қабілеттерді ашуға үнемі қолдау көрсетуден жалықпайтын мектеп басшысы Ләззат Майданқызына бір топ ата-аналар атынан алғысымыз шексіз, -деп ақжарма ақ тілегін ақтарды  Алтын Шүйінішқалиева.

            Өнерді серік еткен өрендерге сәттілік тілейміз әмәнда!

Айшабибі МӘМЕТ