17.10.2019, 9:52
Қараулар: 208
Еңбектенген жанға нәпақа бар

Еңбектенген жанға нәпақа бар

Еврей халқында «Аш адамға балық берме, қармақ бер» деген тәмсіл бар. Иә бұл мақалдың астары айтпаса да түсінікті. Соңғы кездері кейбір жандардан «Жасайтын жұмыс жоқ» дегенді жиі құлағымыз шалып қалады. Дегенмен еңбек етемін, кәсіп ашамын деген жанға мемлекет тарапынан қолдау бар. «Бастау бизнес», «Startup» және «Жас кәсіпкер» сынды түрлі жобалар қолға алынып, соған орай грант не несие алуға да мүмкіндік тууда.

-Жыл басында 424 адам жұмыссыз ретінде тіркелсе, бүгінгі таңда олардың саны 543-ті құрайды. Ағымдағы жылы ақылы қоғамдық жұмысқа – 334, жұмыспен қамту органдары арқылы – 398, әлеуметтік жұмыс орындарына 61 және жастар тәжірибесіне 59 адам жолданды. Жыл басынан жұмысқа орналасуға байланысты 1120 адамнан өтініш түсті, — дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Болатбек Ахметжанов.

Енді осы тұстан сәл іркіліп, кешегі тоқырау кезеңіне шегеніс жасасақ. Еліміз алғаш егемендігін алған кез қай-қай отбасыға оңай соққан жоқ. Кеңшар мен ұжымшар тарап, көптеген жанұяларда жұмыссыздар қатары көбейді. Ол аз десеңіз ауылдық жерлердегі мұғалім мен дәрігерлердің жалақысы мен зейнеткерлердің зейнетақысы 5-6 айлап қолдарына тимей жүрген кездер де болды. Осы кезде қолында азын-аулақ тиын-тебені бар жандар қалаға келіп базар жағалап, сауда-саттықпен айналысты. Мұндай үрдіс ауылдық жерлерде де көрініс берді. Сол кездері Жаратқанның бергеніне шүкіршілік еткендерді де көрген ек. Қазір ел еңсесін тіктегеніне ширек ғасырдан асты. Жыл өткен сайын жұмыссыздар саны азайып, жұмыс орындары көбеюде. Кәсіпкерлер қатары да артып келеді. Алайда жұмыс жоқтығын айтатындар әлі де бар.

-Ағымдағы жылы адамдарға жоспар бойынша 133 несие берілуі керек-ті. Олардың бүгінгі таңда 77-сі аталған несиені алды. Басым бөлігі мал шаруашылығымен айналыспақ. Несие алушылардың бірі өз кәсіптерін жаңадан бастаса, енді бірі кәсіптерін одан әрі кеңейтпек. Жаңа кәсіп ашушылар «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша оқыды. Ал кәсіптерін кеңейтушілер бағдарламаға сәйкес жұмыс орындарын құру керек. Биыл «Жастар жылы» аясындағы «Жас кәсіпкер» бағдарламасымен 55 жас оқыды. «Жас кәсіпкер» атанғандар грантқа өте алады. Бізде ағымдағы жылы 96 грант бөлінді. Оның 4-уі өзін-өзі жұмысқа қамтып, өз кәсібін ашуға арналған. Оның құны 250 000 теңгеден. Сондай-ақ 505 000 теңге жастарға, көпбалалыларға, аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың кәсіп ашуына берілмек. Осы жылы 48 адамға гранттар бердік. Қазір айдың аяғына дейін тағы 4 адамға грант бермекпіз, — дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Алексей Герасимов.

Оқырманға түсінікті болуы үшін айт а кету керек, мұндағы грант өзін-өзі жұмыспен қамтудағы қайтарымсыз қаржы.

-Несие бағдарламаға сәйкес алты жылға беріледі. Алғашқы кезеңдерде каникуль болмақ. Содан соң 6 пайызбен төленбек. Каникуль өз бизнесін дөңгеленткенше 1 немесе 2 жыл көлемінде болмақ. Несиелендіру «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасына сәйкес жүргізіледі. Қаржыландыру қаржылай қолдау қоры арқылы немесе агронесие корпорациясы жүзеге асырады. Қос қаржыландыру көздерінің өздерінің талаптары бар, — дейді Алексей Викторович.

Ел егемендігін алғаннан соң көптеген жан кәсіпкерлікке көше бастады. Алайда оларды сол кездерден кешегі күнге дейін жөнсіз түрлі тексерістер мазалайтын. Кейін ол тексерістерге де нүкте қойылып, мораторий да жарияланды. Бүгінде тыйым алығанымен кәсіпкерлерді жөнсіз мазалау жоқ.

-Біз қазіргі таңда орта және жоғары деңгейдегі нысандарды тексереміз. Бұлар мектеп, емдеу мекемелері, тамақ өнеркәсібі соның ішінде ет, көкөніс және су өңдеу сынды нысандар. Тексеру ҚР прокуратурасының бекіткен жоспарына сәйкес жүргізіледі. Ал жаңадан ашылған кәсіпкерлік саласына тексеру жүргізілмейді. Оларды және жоспардан тыс қалған кейбір нысандарды тексеру тұрғындардан арыз-шағым түскенде жүзеге асырылады. Мәселен, жаңадан ашылған асхана не кафеден бір адам «уландым» деп шағым түсірсе, сол тағамды алып қана тексеріс жүргіземіз. Бізге әзірге ондай шағым түскен емес, — дейді аудандық денсаулық сақтау басқармасының жетекші маманы Найля Кужаева.

— Қыс түскенде мектепте газ операторы болып, қызмет атқарсам, жазда жеке шаруашылықтардың бірінде жұмыс жасаймын. Маусымдық жұмыстарды жасаймын. Мал алып, өз кәсібімді ашу туралы ойлаған емеспін. Әрине, жеке шаруашылығыңт болғанға қызығасың ғой. Несие алып ондай шаруаны бастамаған соң қорқасың ғой. Қазір жасым 42-де, — Озерный ауылының тұрғыны Бекболат Құбаев.

Қашанда еңбектенген жанға екі қолға бір күректің табылар анық.

 

Нұрлыбек МҰХАМБЕТИЯРОВ