17.10.2019, 9:47
Қараулар: 219
Бүгінгінің баласы атқа отыра біле ме?

Бүгінгінің баласы атқа отыра біле ме?

Қазақ халқы әлем халқы көз тігіп, қызыға да қызғана да қарайтын ғажайып дүниелердің барлығына тұнып тұр. Соның бірі-салт-санамыздың сарқытындай болып, ата-баба дәстүрімен жалғасын тауып келе жатырған ұлттық мұрамыз-атқа міну мәдениеті.

Көшпелі халықтың кешегісі мен бүгінін, өткені мен тарихын парақтар болсақ, қолына найза ұстап, қынынан семсер суырған рухты елдің ер-азаматтарын былай қойғанда, ару қыздары да  ел намысын жоғары қойып, туған елі мен жерін жаудан қорғау үшін үнемі ат үстінде жүріп, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен.

Оған дәлел Қабанбайдың жары Гауһар, елге белгілі Малайсары батырдың қарындасы. Қабанбай батырмен бірге бірқатар шайқастарға қатысқан. Ерлі-зайыпты қос батырдың тұла бойы тұңғышы – Назым қыз да батырлығымен көзге түскен.

Ата-бабамыз баланы жас кезінен ашамайға мінгізіп үйретіп, ат үстінде отыруға дағдыландырып, болашақта ұлтын қорғар ұрпақ екенін ешқашан естен шығартпаған.

Қаңтардың аязы мен ақпанның ақтүтек боранында, шілденің ыстығы мен күздің жаңбырлы сәтінде, қыс қыстауда малы мен жанын паналатып, жаз жайлауда төрт түлігін өріске өргізген халықтың қарым-қатынасына, тұрмыс-салтына да Қамбар ата түлігінің тигізген пайдасы зор екені айтпасақта түсінікті.

Қазақ халқы жылқыны ертеден-ақ қадірлеп, жылқы шаруашылығын дамытуға ерекше мән беріп, жастайынан сәйгүліктің жалында ойнап, сайын даланы сәйгүлігімен қорғап, төрт түлігін шашау шығармай тұлпарымен түгендеген.
Ерлік пен елдіктің, дархандық пен кеңдіктің үлгісіндей болған атқа міну дәстүрінің денсаулыққа тигізер қаншалықты пайдасы бар?

-Аттың бірқалыпты жүрісінің өзінде 110 түрлі қозғалыс туып, адам денсаулығына тигізетін пайдасы зор. Яғни барлық буын қозғалысқа түседі деген сөз. Атқа міну-адамға биохимиялық тұрғыда оң ықпал етіп, ағза мен бұлшық етті нығайта түседі.

Атқа міну-әсіресе жабыс бас сүйек-ми жарақатын алғанда, жұлынға зақым тигенде, ұмытшақтық пайда болғанда, жүрек қан тамырлары аурулары белең алғанда тірек-қимыл аппараты бұзылғанда тигізер пайдасы зор,-дейді №1 қалалық емхананың дәрігері Мөлдір Хауметова.

Қазаны оттан, азаматы аттан түспеген тарихы мен тағылымы тұлпарымен тағдырлас, «Ер қанаты-ат»-деп білген кешегі бабаларымыздың бүгінгі ұрпағы атқа отыру дәстүрін әсте ұмытып кеткен жоқпа?

-Халқымыздың ерекше қастерлеп, жанына жақын тартатын төрт түлігінің бірі-жылқы. Ата-бабамыз ежелден жылқыны қастерлеп, шаруашылыққа да жиі пайдаланып, үнемі ат үстінде жүрген.

Менің атамның Ержансұр атты сәйгүлігі бар болатын. Атам жылқыны жинар мезгілде де, ауыл-аймаққа барар уақытта да үнемі сол тұлпарына мініп жүретін.

Жаз айларында болатын дала қызығында тұлпарын жиі аламанға қосып, бас бәйгені талай рет алғанына сан мәрте куә болдық. Жолдасын жолда қалдырмайтын сәйгүлігін атам марқұм өмірден өткенше әркез қадірлеп өткен болатын.

Бүгінгіге көз салсақ, ғаламтор дамып, иновация күн сайын көш бастап келе жатырған заманда жас ұрпақ теледидарға телміріп, интернетке шүйлігіп, атқа мінуді бірен-сараны болмаса, көпшілігі әсте ұмыт қалдырып бара жатқаны көңіл кінжілтеді.

«Ел болам десең-бесігіңді түзе»,-демекші барымызды қадірлеп, құндылығымызды жоғалтып алмайық!,-деді Новенький елді мекенінің тұрғыны Әнуарбек Рамазан.

Тарихымызды түгендеп, жоғымызды бүтіндеп, болашаққа көз салып, арманымызға адаспай қадам басамыз десек арғымаққа мініп, ата-баба аманатын әркез естен шығармайық ардақты ағайын!

 

 

Шыңғыс РОМАШЕВ