3.10.2019, 17:33
Қараулар: 53
Поливнойдағы қос қуаныш

Поливнойдағы қос қуаныш

Переметный ауылдық округіне қарасты Поливной елді мекенінің тұрғындары қос бірдей қуанышқа кенелді.

 

Аудан орталығы іргесінде орналасса да біраз жылдан бері ауыз су тапшылығын тартып келген поливнойлықтар «2020 жылға дейін өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында таза да сапалы ауыз суға қол жеткізді.

Ауыз су арнасының ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Асхат Шахаров:

— Осыдан екі жыл бұрын ауыл тұрғындары «Бізде су мәселесі қашан шешімін табады?» деп сауал тастаған болатын. Мемлекеттің саясаты аясында ел Президентінің арқасында ел-жұрттың тілегі орындалып, ауыз суға қол жеткіздіңіздер. Су – тіршіліктің көзі. Сусыз өмір жоқ. Бүгінгі мереке құтты болсын! — деді.

Одан соң сөз алған ауыл тұрғыны, еңбек ардагері Василий Косыцин ауылға қуаныш сыйлаған аудан, округ басшылығына алғысын жеткізді.

Ауылда бүгінгі таңда 28 тұрғын үй түтін түтетіп отыр. Тұрғындар саны – 95. Халық ендігі кезекте көгілдір отынға қол жеткізсек деп арман етеді.

Айта кету керек, нысан мердігері болып «Жиенбай» ЖШС табылады. Нысан құрылысының құны 22,3 млн. теңгені құрап отыр.

Сонымен қатар мерекеге орайлас ауылда балалар алаңқайы ашылды. Балаларға шаттық сыйлаған «Балалар әлемі» атты мерекелік бағдарлама ауыл балаларының қуанышын еселей түсті.

Алаңқайдың лента қию рәсімін ауыл тұрғыны Ақтамақ Сафиева мен бүлдіршін Алина Хайруллина жүргізді.

Ауыл балалары мәдениет қызметкерлері ұйымдастырған мерекелік шарада қызықты ойындар ойнап, би билеп, ән шырқады.

 

Ертай БИМҰХАНОВ

 

Суреттерді түсірген

Сәлім МӘМБЕТӘЛИЕВ