3.10.2019, 17:28
Қараулар: 291
Қараусыз қалған ғимаратқа кім жауапты?..

Қараусыз қалған ғимаратқа кім жауапты?..

Аудан орталығы Переметный ауылдық округінің аумағында қараусыз қалып, қауіп-қатердің алдында тұрған ғимараттар баршылық. Әбден тозығы жетіп, күні ертең-ақ құлаудың аз-ақ алдында тұрған үйлердің жай-күйіне кім жауапты?..

 

ХХ ғасырдың басында сәні мен салтанаты жарасып, сәулеті айшықталып, халық игілігі үшін бой көтерген бірі дүкен, бірі жатақхана, бірі қонақүй немесе басқа да мемлекет игілігіне қызмет еткен ғимараттар бүгінде ешкімге керексіз болып қалды ма деген ойға қаласың?!..

Сылағы түсіп, шатыры құлап, төбесінен тамшы тамшылаған, айналасы ашық-шашық ескіден қалған ескі мекен балалар ойнайтын алаңға айналған.

Кейбірінің есігіне қара құлып салынып, терезесі темір тормен бекітілгенмен, ал кейбірі көпшілік тұрғындар көп шоғырланған орталықта орналасып, тек төрт қабырғаға сүйеніп, сырт көзге сұрықсыз кейіпке еніп, қауіп-қатері мен мұндалап тұрғандай.

Апатты үйлер бір күндері ішіне еніп тай-құлындай тебісіп, еш уайымсыз ойын әлемінде жүрген балалардың немесе қарапайым ауыл тұрғындарының қатеріне келмесіне жауапты кім?..

Қыркүйектің бас кезінде Калинин ауылында орналасқан үш қабатты  колледж ғимаратының оқу корпусы ғимарат іргетасының отыруы салдарынан кірпіштері ажырап, ортасынан опырылып түскені ешкімге сабақ болмады ма?.. Күні ертең-ақ тағы бір ескі ғимараттың айдың-күннің аманында опырылып түсіп, астында адам қалмасына кім кепіл? Мәселе шешімін табуы үшін алдымен аяқ сынып, қол шығуы керек пе?..

— Қазіргі уақытта ауылдық округ аумағында 4 ғимарат қаңырап бос тұр. Кеңес заманында мемлекет мүддесіне қызмет еткен (дүкен, жатақхана, қонақ үй т.б.) арнайы орындар бүгінде жеке кәсіпкерлердің қарамағында.

Кәсіпкерлер ескі ғимараттарды басында өз меншігіне айналдырып алғанменен пайдаға асырғаны жоқ. Ескі орынның есігін құлыптап, жабық күйінде қалдырған кәсіпкерлер бар, тозығы жеткен орынды не бұзып алмай, не кәдеге асырмай отырған жеке меншік иелері де баршылық.

Біз осы мәселе төңірегінде жауапты адамдарға ескерту беріп, жиын өткіздік. Кәсіпкерлердің пікірінше, кейбір ғимараттар мүлдем жөндеуге келмейтін болғандықтан жергілікті тұрғындар егер де ғимараттарды бұзып аламын десе, қарсы еместігін білдірді.

Бұл мәселе әр уақыт біздің назарымыздан тыс қалған емес. Әлі де осы мәселе төңірегінде меншік иелеріне ескертетін боламыз, — дейді Переметный ауылдық округінің әкімі Бекзат Бадақов.

— Кезінде халық игілігі үшін салынған ғимараттар қазіргі уақытта әбден тозығы жетіп, құлаудың аз-ақ алдында тұрғаны рас. Ескі орындардың жанында жиналып балалар күндіз-түні ойын ойнайды.

Сылағы түсіп, төбесінен тамшы тамып, шатыры бөлшектеніп, қатты жел тұрса, үп еткелі тұрған ғимараттар ендігі жөндеуге келіп, кәдеге аспасы анық. Сол себепті апатты жағдайда тұрған үйлер сүріліп, қауіп-қатердің алдын алу керек деп ойлаймын, — дейді ауыл тұрғыны Қапет Белгейұлы.

Ендеше, ертеңімізді ойласақ, бүгінімізді бүтіндейік. Көтерілген мәселе жауапсыз қалмас деген ойдамыз.

 

Шыңғыс РОМАШЕВ