19.09.2019, 16:45
Қараулар: 346
Мақсат ортақ, мүдде бір

Мақсат ортақ, мүдде бір

Өткен аптада өңірімізге жұмыс сапарымен облыс әкімінің ауданымыздағы қоғамдық өкілі Ғайса Қапақов келіп, алтын дәнді өлкенің тыныс-тіршілігімен танысты.

 

Ауданымызға келген облыс әкімінің қоғамдық өкілі Ғайса Хамидоллаұлымен «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілекбай Төлепқалиев, аудан әкімі аппаратының басшысы Абат Көбенов, аудан әкімдігі ұйымдастыру-бақылау және персоналды басқару бөлімінің басшысы Максим Мусалимов, Переметный ауылдық округінің әкімі Бекзат Бадақов бірге жүрді.

Алдымен Ғайса Хамидоллаұлы Егіндібұлақ ауылында болып, бірқатар маңызы бар нысандарды аралады.

Ауылдық округ әкімінің міндетін уақытша атқарушы Айболат Сидағалиев ауылда атқарылып жатырған жұмыс барысымен таныстырып, алдағы жоспарлар туралы баяндады.

Ғайса Хамидоллаұлы Егіндібұлақ орта мектебінде болып, ғимараттың спорт залы мен асханасы, сынып кабинеттерін тексеріп, басталған оқу жылындағы жетістігі мен кемшілігі туралы сұрады.

Білім ордасының басшысы Маруаш Хайдарқызы алтын ұяның  жылдағы жұмысы, педагог кадрлар мен шәкірттердің жетістігі, алдағы мақсат-міндеттері туралы баяндады.

Одан соң облыс әкімнің қоғамдық өкілі Зеленый ауылдық округінде болып, берекелі ғұмыр кешіп жатырған елдің жай-күйімен танысты.

Ғайса Хамидоллаұлына Зеленый ауылдық округінің әкімі Ізғали Дәулетов ауылда атқарылған жұмыстар мен алдағы атқарылар жоспарлары туралы айтып өтіп, білім ордасының тыныс-тіршілігімен таныстырды.

Облыс әкімінің қоғамдық өкіліне Зеленый орта мектебінің директорының міндетін уақыша атқарушы Мирхат Есенғалиев білім ордасының биылғы оқу жылына дайындығы туралы баяндап, ғимараттың жай-күйімен таныстырып, жаңалықтармен бөлісті.

— Білім ордасының жеткен жетістіктері аз емес. Алтын ұямыз әр жылдар ішінде білімді де саналы шәкірттерді тәрбилеп шығаруда. Педагог кадрлар қашанда ата-аналармен бірлесе жұмыс атқарады. Алдағы мақсат-міндеттеріміз жоспарлы түрде жүзеге аспақ, — деді мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы М.Есенғалиев.

Өз кезегінде Ғайса Хамидоллаұлы ауданымызда атқарылып жатырған жұмыстарға ризашылығын білдіріп, ауылдық округ әкімдеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді.

— Ауданда атқарылып жатырған жұмыстармен танысып, бірқатар маңызы бар нысандарды араладық. Алтын дәнді өлкенің әр жылдардағы жеткен жетістеріне тоқталып, алдағы жоспарлары туралы баяндалды.

Бұл өңір қай салада болса да жоғарғы нәтиже көрсетіп келе жатырғаны белгілі. Ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласының өркендеп, әлеуметтік саланың көш бастап келе жатқандығы көңіл қуантады.

Алдағы уақытта да атқарар жұмыстар көп. Осы мақсат-міндеттерді жоспарлы түрде бірлесе жүзеге асырамыз, — деді облыс әкімінің ауданымыздағы қоғамдық өкілі Ғайса Қапақов.

 

Шыңғыс РОМАШЕВ