19.09.2019, 16:41
Қараулар: 123
Мемлекеттік қызметке талап жоғары

Мемлекеттік қызметке талап жоғары

    

      13 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша Департамент басшысы Ғалым Тұрсынбаев Бәйтерек ауданының активімен «Шаңырақ» мәжіліс залында кездесу өткізді.

 

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша Департамент басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ғалым Тұрсынбаев ауданға жасаған жұмыс сапарын аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы мен аудандық жұмыспен қамту орталығының жұмыс барысымен танысудан бастады.

Актив жиналысына төрағалық еткен аудан әкімі Асхат Шахаров әдеп жөніндегі кеңес төрағасымен кездесудің маңыздылығын атап өтті.

— Бәйтерек ауданының жергілікті атқарушы органдарымен жалпы 97 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Оның ішінде 13 қызмет электронды, 41 қағаз түрінде, 43 қызмет баламалы түрде көрсетіледі.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасын және тұрғындардың қолжетімділігін арттыру мақсатында есепті кезеңді 200 адамды қамтыған 6 құқықтық оқыту, 1 дөңгелек үстел және 10 семинар-кеңес өткізілді.

2019 жылдың І жартыжылдығында аудан бойынша 11327 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде қағаз түрінде 1045, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді «электрондық үкімет» веб-порталы және (немесе) Мемлекеттік корпорация арқылы көрсету мүмкіндігі болса да, қызметті берушілермен қағаз түрінде 3070, электронды түрде 7212 қызмет көрсетілді, — деді аудан басшысы кіріспе сөзінде.

Одан соң мінбеге көтерілген Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша Департамент басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ғалым Тұрсынбаев хабарлама жасады.

— Бәйтерек ауданы бойынша мемлекеттік қызметшілерді, яғни кадрларды тұрақтандыру мәселесін қолға алу керек. Әрине, аудан қалаға жақын орналасқандықтан кадр қозғалысы болуы ықтимал.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштарымен жұмыс жасай білуі шарт.

Бүгінгі таңда кез келген анықтаманы смартфондар арқылы алуға да мүмкіндік бар. Мемлекеттік қызметшілер әрдайым да бұқара халықпен диалог орнатуға бейім болуы керек. Әлеуметтік желілерде де қызметтік этика мен нормаларды сақтай отырып, ашық диалогқа түсіп отырған абзал, — деді өз баяндамасында.

Актив барысында аудандық білім беру бөлімінің басшысы Серік Сафиуллин, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Радик Ихласов сауалдарын жолдап, тиісінше жауаптар алды.

Одан соң Бәйтерек ауданы әкімі аппараты ғимаратында «Open space»-те азаматтарды қабылдау шарасы жүргізілді.

 

Ертай БИМҰХАНОВ

 Суреттерді түсірген

Сәлім МӘМБЕТӘЛИЕВ