19.09.2019, 16:37
Қараулар: 125
Жол «жыры» бітер күн жақын

Жол «жыры» бітер күн жақын

Қалаға таяу орналасқан Перметный ауылына бара қалсаңыз, ауылішілік жолдарды көріп, терең ойға қаларыңыз кәдік.

 

Аудан орталығындағы шұрқ-тесік жолды көрген кезде «Аспаннан киіз жауса, құлға ұлтарақ та тимейді» деген мәтел еріксіз еске түседі. Шынымен де аудан орталығы көшелеріндегі ауылішілік жолдар бірнеше жылдан бері жөндеу көрмей келді. Енді ғана қолға алына бастады. Бұл орайда бірінші кезекте автокөлік жүргізушілері мен тұрғындар қуанып отыр. «Қуаныш ұзағына болса екен?!» деп те тілеп қояды.

— Жеке көлігіммен осы жолмен күн сайын жүремін. Өкінішке орай, тап осы орталықтағы көшеге келген кезде кібіртіктеп жүре алмай қаламыз. Бұл жолдың кемшілігі әсіресе, көктем және күз мезгілдерінде анық байқалады. Көктем, яки күз келсе болды, бұл жолдар ойдым-ойдым болып қала береді. Жолдардың нашарлығынан діттеген жерімізге кешеуілдеп жетіп жатамыз.  Бұл – бір. Екіншіден, нашар, жөндеу көрмеген жолдың кесірінен көліктерімізді жиі жөндетуге тура келеді. Бұл қалтаға салмақ салады.

Бүгінгі таңда ауылішілік жолдарға жөндеу жұмыстары басталғандығын көріп, қуанып отырмыз. Елдің тілегі де – осы жолдың жақсаруын қалау еді, — дейді жергілікті тұрғын Артур.

— Қаланың іргесінде тұрсақ та жол азабын бір кісідей тартып-ақ келеміз. Айқыш-ұйқыш жолдар мазамызды алып болды. Көлігіміз жиі бұзылып сынады. Жиі оңдатуға тура келеді. Жолдың нашарлығы әсіресе, көктем-күз айларында қатты сезіледі. Кейбір жерлердің балшығының бауырмалдылығы соншалық, батып қалса, шығару қияметтің қайымы.

Бүгінгі таңда ауылішілік жолдар жөнделеді деген хабарды естіп қуанып отырмыз.

Алайда теп-тегіс жол салынған соң жүргізушілер жылдамдықты шамадан тыс асырып жібермей ме екен деп алаңдаушылық та бар. Себебі ауданда автокөлікке отырса, жан баласына жол бермей көлігін жүйткітете жөнелетін жүргізушілер кездеседі. Сол себепті, жолға жасанды кедергілер қойылса жақсы болар еді?! – дейді ауыл тұрғыны Рафлат Сыйлыбайұлы.

— Жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу жұмыстары 2019 жылы басталып, 2020 жылы аяқталады деп жоспарланған. Мердігер ТЖС «ТүркістанЖолСервис». Құрылыс-жөндеу жұмыстарына 1 278 500,0 теңге қаражат қаралған. Алдымен жобаны жүзеге асыру мақсатында 41,0 млн теңге қаражат бөлінді. Жоба «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асады.

Жөндеуді қажет ететін жол ұзақтығы – 15,4 шақырымды құрап отыр.  Оның ішінде М.Әуезов — Гагарин, Ростошинская, Мұхамбетжанова, Уральская, Жеңіс бөлігі 1, Чапаев, Жеңіс бөлігі 2, Чапаев — 2, Әубәкіров, Құрылысшы, — Көше — 1, Куйбышев, Элеваторная көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады, — дейді аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нариман Темірғалиев.

Бүгінде сең бұзылды. Жол жөндеу жұмыстары қолға алынды. Ендеше, қаламен іргелес, Ресеймен шекаралас жатқан пераемтныйлықтарға да тақтайдай тегіс жол қызығын көрер күн алыс болмас.

 

Ертай БИМҰХАНОВ