9.07.2019, 12:57
Қараулар: 673
Шетел көліктері қадағалаусыз қалмайды

Шетел көліктері қадағалаусыз қалмайды

Бүгінгі таңда елімізде шетелдік нөмірлі көліктерді жиі көзіміз шалатын болды. Осы орайда көпшілік көкейінде «мұндай «темір тұлпарлар» тіркеуге алына ма?» деген сауалдың туындайтыны анық. Бұл жөнінде біз аудандық аға мемлекеттік автоинспектор, полиция аға лейтенанты Арнұр Шоқпановтан сұрап білдік.

-Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев армениялық және ресейлік мемлекеттік нөмірлі көліктерді уақытша тіркеуге алу жөнінде айтқан еді. Уақытша тіркеу бұған дейін екі-үш жыл бұрын болған.

Шетелдік нөмірлі көліктердің қатысымен жол-көлік оқиғасы орын алғанда олардың иелерін іздестіру автоинспекторлар үшін қиындық туғызады. Оған себеп, автокөліктің еш жерде тіркеуде болмауы. Алдағы уақытта осындай көліктерді уақытша тіркеуге бұйрық шықса, өзге мемлекеттен келген көліктерді 10 күннен асқаннан соң тіркеуге тұру міндеті қойылар еді, — дейді Арнұр Ерболатұлы.

Автоинспектордың айтуынша, Армениядан әкелінген көліктер 2023 жылға дейін мораторий болуына байланысты Қазақстанда есепке қойылмайтын көрінеді. Жалпы, шетелдік мемлекеттік нөмірі бар көліктерді уақытша тіркеуге қойса, олар жөнінде бар мәліметті базадан көріп-білуге болады.

— Кейбір өзге елдің тіркеуінен шығарылған «темір тұлпарлар» біздің мемлекетке еркін әкелініп жатады. Ондай жағдай орын алса, «осындай көлік тіркеуде жоқ, автоуроганның базасына енгізілсін» деген аудандарға, қалалық батальондарға бағдар түседі. Базаға енгізілу барысында олардың айыппұлдары бар-жоғын анықтауға болады. Көбіне-көп шетелдік мемлекеттік нөмірі бар автомобильдер айыппұлдары бола тұрса да, фотоаппарат не бейнебақылау камерасына түсіп, сол күйінше жүре беретін. Міне, сондай олқылықтардың алдын алу мақсатында автоинспекторлар қолмен тіркеп, базаға енгізе бастады. Бірақ жоғарыда атап өткенімдей, бұйрық беріліп, тіркеуге алар болсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Еліміздің ішінде айыппұлы бар шетел нөмірлі көліктер автоуроганның фото немесе бейнебақылау камерасына іліксе, айыппұлын өтеп болғанша арнайы тұраққа қойылатын болады, — дейді автоинспектор.

Таяуда Бәйтерек ауданында «Элайтс» ЖШС  мемлекеттік жеке серіктестік жобасы аясында «Suncar Smart City» интелектуалды бейнебақылау жүйесінің камералары орнатылған болатын. Жалпы саны 243-ті құрайтын камералар тек аудан орталығы емес, өзге де ауылдық округтерге де қойылған. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәлімет бойынша, орнатылғанына аз күн болған бейнебақылау камераларының арқасында үш қылмыс ашылып, кінәлілер анықталған көрінеді. Жалпы, бұл құрылғының келешекте жол-көлік оқиғаларының себептері мен салдарын анықтауда да мүмкіндігі зор болмақ.

Шетел нөмірлі көліктердің салық төлеудегі жауапкершілігі туралы Бәйтерек ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Ерболат Ғайнешевтен білген едік.

— Ауданымызда жергілікті салықтардың ішіндегі көлік салығы жеке тұлғалардан ең көп түсетін түсімдердің бірі болып табылады.Ауданда 6 мың 800-дей салық төлеуші бар. 87,3 миллион жергілікті бюджетке жыл ішінде осы салықтардан түседі. Қазір көліктерге байланысты 1137 салық төлеушінің 12,8 миллион берешегі бар. Әр тоқсан сайын жергілікті полицейлермен және жеке сот орындаушылармен бірігіп түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отырады. Биыл 5 рет халық арасында түсіндіру барысында 1,5 милион теңге көлемінде берешек өндірілді.

Салық кодексіне сай берешегі бар азаматтарға 30 күн ішінде төлеу қажеттілігі көрсетіліп, хабарлама беріледі. Белгіленген мерзімде төлемеген жағдайда салықтық бұйрық шығарылып, жеке сот орындаушыларға жолданады. Соның негізінде шетелге шығуға шектеулер қойылып, банктік есепшоттары жабылады. Көлігіне де шектеулер қойылады. Ал шетелдік нөмірлі автокөліктер Қазақстан Республикасында тіркелмеген жағдайда оларға салық төлеу міндеттелмейді, — дейді Ерболат Баймұратұлы.

Аудандық аға мемлекеттік автоинспектор, полиция аға лейтенанты Арнұр Ерболатұлының айтуынша, шетелдік көліктерді қазақстандық нөмірге айналдыруға болатын көрінеді. Ол үшін жылы мен көлеміне қарай тиісті қаражатын төлесеңіз болғаны. Ал бұл бағаның кейбірінің тырнақтап, тиындап тапқан қаражатына немесе несиеге өзге мемлекеттен екі есе арзанға сатып алған көліктерін өз елімізге заңдастыруда арзанға соқпасы анық.

Нұрлыбек МҰХАМБЕТИЯРОВ 

Артур Пономарев

Белес ауылдық округінің тұрғыны:

— Ресейлік мемлекеттік нөмірі бар көлікті басқарғаныма бір жылдай болды. Патрульдік жол полициясы күндіз тоқтата қоймайды. Ал түнде жиі тоқтатып, құжаттарымды тексереді. Жалпы, жылдамдықты шамадан тыс асырмай, белгіленген шектеулер мен ережелерді бұзбасаң түнде де тоқтатапасы анық. Көбіне-көп өзіміз жылдамдықты шамадан тыс асырып, тұзаққа түсіп жатамыз. Автоинспекторлар құжаттарымның, соның ішінде сақтандыру куәлігімнің заңды-заңсыздығын базадан тексереді. Сонымен қатар бейнебақылау камераларына жиі түсіп қалатын секілдіміз. Өйткені қай жерде қандай жол ережесін бұзғанымды айтып береді. Ал басқалай елімізде жүргізбейтіндей пиғыл көрсеткендерін байқамадым.