9.07.2019, 12:20
Қараулар: 656
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту керек

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту керек

    Ауданымызға жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Ғали Есқалиев, облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар, жекелеген басқарма басшылары  аудан активінің жиынына қатысты.

    Осында аудан әкімі Асхат Шахаров Бәйтеректің  2019 жылдың I жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндама жасады.

Асхат Берлешұлы есептік баяндамасында ауданда  өнеркәсіп өндірісінің көлемі – 68580,7 млн.теңге, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі – 6843,9  млн.теңге, негізгі капиталға тартылатын инвестиция көлемі – 26673,3 млн теңге, орташа айлық жалақы 91279 теңгені құрағандығын атап өтті.

— Биыл көктемгі далалық жұмыстарға ауданның 320 ауыл шаруашылық құрылымы қатысты. 2019  жылы егілген егіс алқабы 235,0 мың гектарға жетті. Жоспарлы түрде жаздық дәнді-дақылдар алқабы – 106,1 мың.га.

Ауданда жаппай кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Еңбек», «Бастау бизнес» және «Сыбаға» бағдарламалары туралы халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде рәсімделген 245 млн. теңгеге 374 аналық ірі қара, 132,8 млн.теңгеге 4427 бас ұсақ мал сатып алынған.

Бүгінге дейін Мұнайшы және Калинин ауылдарында 23 тұрғын үйдің жұмысы толық аяқталып, Калинин ауылында қоспәтерлі үйдің құрылысы басталды.

Аудан бойынша Қаражар, Көшім, Щапов, Павлов, Ақжол ауылдарына таза су жеткізіліп, таза сумен қамтылу көрсеткіші 79,9%-ға өсті. Володар ауылы су құбырын қайта жаңғырту жобасы іске асырылуда. Аудан халқын ауыз сапалы ауыз сумен қамту бағытында Поливное, Октябрское, Асан, Үлкен Шаған елді мекендеріне су құбыры құрылысын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттары жасақталды.

Көгілдір отын игілігін көріп отырған тұрғындар саны-97,1%-ды құрады. Аудан бойынша 50 елді мекенге табиғи газ жеткізіліп, қалған 18 ауылдың жобалық-сметалық құжаттары жасқаталуда.

2018 жылғы аудандық маңыздағы 35,2 шақырым жолға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биыл Үлкен Шаған-Переметный күре жолының 32-42 шақырымын орташа жөндеуге 459 млн теңге бөлінді. Жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады.

Ауданда 2797 шағын және орта бизнес субьектілері тіркелген, өнім өндірісі 42945,0 млн.теңгені құрайды.  «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында 120 жоба мақұлданып, қаржыландырылып, жаңадан 996 жұмыс орны құрылды. 2019 жылы жеке кәсіпкерлікті қолдауға арналған гранттар бойынша 4,5 млн.теңгеге 2 жоба мақұлданып, қаржыландырылды.

2018 жылы мектепке дейінгі балалар ұйымдарына кезектілікті қалыптастыру мен жолдамаларды беру процесін автоматтандыру жүйесі енгізілді. Оған аудан орталығы Переметный ауылындағы «Еркемай», және Дариян ауылындағы «Жұлдыз-ай» бөбекжайлары қосылды.

Аудан халқының 52,2% экономикалық тұрғыдан белсенді. Жұмыстың әр түрлі салсында 30884 адам еңбектенсе, жұмыспен қамту орталығында 607 адам тіркеуде тұр. Осы орталық арқылы 166 адам екі қолға бір күрек тапса, биыл 1 маусымға дейін 442 жаңа жұмыс орны ашылды, — деді аудан басшысы Асхат Берлешұлы.

Жиын барысында аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Мәлік Өтешов сөз алып, аудан әкімнің жұмысына оң бағасын берді.

«Zhas Project»  жобасының грант иегері Райгүл  Темірханқызы  осы жобаның тиімділігіне тоқтала келе, жоба аясында мал шаруашылығымен айналысып жатқандығын  атап өтті. Бұрыннан осы кәсіппен шұғылданғысы келгенімен оған қаржы жетіспеушілігі қиындық келтірсе, бүгінде грант иегері атанып арманына бір қадам аяқ басқанына қуанышты екенін жеткізді.

Жиын барысында сөз алған облыс басшысы Ғали Нәжімеденұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысына оң бағасын беріп, алдағы атқарылар жұмыстарға тоқтылып, аудан басшылығына нақты тапсырмалар мен міндеттемелер жүктеді.

Сондай-ақ аудан активіне ауданымыздағы  өзінің  қоғамдық өкілі ретінде Ғайса Қапақовты таныстырды.

— Бәйтерек ауданы ауылшаруашылығы өркендеген өңірлердің қатарында көш бастап келеді. Бірақ жеке кәсіпкерлік, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды әлі де болса қарқынды жүргізу қажет. Жаңадан жұмыс орындарын ашуға, жұмыссыздық мәселесін жоюға жергілікті кәсіпкерлермен бірлесе атсалысыңыздар. Аудан жастарына кәсіпкерлікпен айналысуда қолдау көрсетіңіздер, — деді Ғали Нәжімеденұлы.

 

Шыңғыс РОМАШЕВ