9.07.2019, 11:00
Қараулар: 321
Кәсібінен нәсібін тапқан

Кәсібінен нәсібін тапқан

Жолын тапсан, табыстың өзін де табасың. Бұған бүгінде Дариян ауылында тұратын Гүлнәр Сағынғалиеваның еңбегі дәлел бола алады. Ол ешбір банктің несиесіне тәуелді болмай, өз кәсібін өзі дамытып келеді.

Гүлнәр Маратқызы бала жасынан ата-анасынан мал өсірудің, үй шаруасының қыр-сырын үйренді. Әкесі сіңлісі және інісінің кішкентай кездерінде дүние салды. Сол себепті де әке орнын жоқтатпауға тырысқан анасы Күләштің қамқоршысы бола жүріп, еңбекпен шыңдалады

-1987 жылы мектеп бітіргеннен кейін, бірден еңбекке араласып, он сегіз жасымда тұрмыс құрдым. Кейін үш баланы өмірге әкеліп, енді ғана «бақыттымын» деп жүргенде, аяқ асты өмірлік серігім дүние салды. «Жаратқанның басқа жазғанына не шара» деп белді бекем буып, балаларымды қайтсем аяққа тұрғызамын деген оймен осыдан он жыл бұрын Дариян ауылына көшіп келдім. Алғашқыда әр түрлі сауда жасап, кейіннен азын-аулақ қаражатыма мал сатып алдым, — дейді кейіпкеріміз.

Мал саны артқан кезде, оған көлік алады. Бүгінде қолда бар сиырларынан алынған сүт өнімдерін Орал қаласына апарып сатып, кәсібінен нәсібін тауып жүр. Ол өзінің тұрақты тұтынушыларының ылғи тағазсыздана күтетіндігін айтады.

Өз кәсібінің береке берерін түсінген кәсіпкеріміз ауласындағы бос жатқан жерге бау-бақша өнімдері мен жеміс-жидектерді егіп, оның өнімдерінің игілігін көруде. Бұл орайда оған ұлы Абай да қолғабыс етеді.

Қазір ауылдағы жекелеген тұрғындар «жұмыс жоқ» деп байбалам салады. Ондайларға Гүлнәр Маратқызының ісі үлгі болар еді.

Бүгінде оның қорасында 8 сиыр, 8 бұзауы бар. Тағдыр қаталдығына төтеп беріп, еңбек жолында кездескен қиындықтарды жеңіп, қолында барын пайдаға асырып жүрген Гүлнәрдің өмір жолы мен төзімділігі кімге болса да үлгі боларлық.

 

Гүлжан Аязбаева,

Дариян ауылы

Еңбек адамы

Басқа да мақалалар