21.06.2019, 15:33
Қараулар: 532
Бәйтеректе мемлекеттік қызметшілер марапатталды

Бәйтеректе мемлекеттік қызметшілер марапатталды

   

  21 маусым күні аудандық әкімдік ғимаратында Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты шара өтті.

 

— Қоғам мүддесін іске асыру, халықтың сенімін ақтау, қоғамның орнықты дамуына белсенді үлес қосу – әрбір мемлекеттік қызметшінің абыройлы міндеті. Әр мемлекеттің өркендеп дамуы, стратегиялық бағдарламалардың тиімді іске асырылуы, мемлекеттік қызметшілердің нақты іс-шараларының арқасында орындалады. Мемлекет кәсіби мамандар мен жауапкершілігі басым қызметкерлердің арқасында күш-қуатқа ие.

Сіздер егемендіктің нығаюына күнделікті істеріңізбен үлес қосып, елдің игілігі үшін табысты еңбек етіп келесіздер. Еліміздегі мемлекеттік қызметтің нық қалыптасуына, беделінің артуына әр маман ықпал етуде.

Біздің өңіріміздің нәтижелі дамуы сіздердің жоғары сезімдеріңіз бен заңдылықты бұлжытпай сақтауларыңызға байланысты. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! — деді аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Мұрат Залмұқанов.

Бұдан соң Мұрат Дүйсенұлы ел дамуына үлес қосып жүрген бірқатар мемлекеттік қызметшілерді марапаттады.

 

Нұрлыбек ҚЫДЫРҒАЛИҰЛЫ,

Бәйтерек ауданы

 

       

 

 Назгүл АБДУЛХАЛЫҚОВА,

Бәйтерек аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдарының бас маманы:

 

— Мен еңбек жолымды Тасқала ауданының Мереке ауылында жеке шаруашылықтардың бірінде еңбек етуден бастадым. Ал мемлекеттік қызметті 2003 жылы Теректі ауданы әкімі аппаратынан бастадым. Кейін Подстепный ауылдық округінің әкімдігінде жалғастырып, 2014 жылдан бері Бәйтерек ауданында қызметтемін. Жалпы, біздің еңбегіміз көп біліне қоймайды ғой. Бүгін менің көпжылғы еңбегімді бағалап, марапаттап жатқандығына бек қуаныштымын.

 

Максим МУСАЛИМОВ,

Бәйтерек ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру және бақылау жұмысы бөлімінің басшысы:

 

— Мен 2013 жылы сол кездегі Зеленов аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінде бас маман болып бастадым. Арада бір жыл өткенде аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және бақылау жұмысы бөлімінің бас маманы болдым. Осы кездерде мемлекеттік қызмет көрсетуде мониторинг жасап, цифрландыруды дамытуға үлес қостым. Кейін 2018 жылдан бері сол бөлімнің басшысы болып тағайындалдым. Мен мемлекеттік қызметті халыққа қалтқысыз қызмет көрсету деп есептеймін. Мемлекет басшысының алға қойған тапсырмаларын орындап, елдің өркендеуіне үлес қосу парызымыз. Ата Заң талаптарын және мемлекеттік қызметшілердің этикасы қағидаттарын сақтау – басты борыш.

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар