11.04.2019, 11:03
Қараулар: 419
Өнерімен өрге жүзген

Өнерімен өрге жүзген

        

       Жас маман Кенесары Болғанбаев 1999 жылы Бөрлі ауданының Жаңаталап ауылында дүниеге келген. Ауылдағы орта мектепті аяқтағасын өнер әлеміне қадам басуды қалаған бозбала 2015 жылы Орал шаһарындағы өнер ордасы Құрманғазы саз колледжінің режиссура бөліміне оқуға қабылданады.

 

Жастық жігері аппақ арманға жетелеген жас студент колледж қабырғасында жүріп те көзге түсіп, біраз белестерге қол жеткізді.

2018 жылы облыс орталығы Орал қаласында өткен «Мен – қазақпын!»  мегажобасында ІІІ орынға қол жеткізсе, сол жылы Атырау қаласында өткен «Таңғы шұғыла» фестивалінде ұжымдық жұмыстың нәтижесінде І орынды иеленді.

Былтырғы жылы Қарағанды қаласында «ТТТ» фестивалінде лауреат атанып, Ақ Жайық жұртшылығының сенімін ақтап, ел мерейін үстем етті.

Ата-әжесінің ықпалымен жастайынан домбыраға әуестеніп, ауыл сахнасынан бастап колледж қабырғасында өнер адамдарының шеберлік сыныбынан өтіп, қазіргі уақытта жаста болса еңбек жолын биылғы жылы Бәйтерек аудандық мәдени-демалыс орталығында режиссер болып бастаған кейіпкеріміз әріптесі Әліби Жанәбілов екеуі аудан сахнасында тәрбиелік мәні бар тағылымды қойылымдар қойып, көзіқарақты көрерменді тәнті етсе, актерлік шеберлікпен бірге халық әндерін нақышына келтіре орындап, эстрадалық өнерді де қатар алып жүрген көркемөнерпаз.

— Өмірлік ұстазым деп белгілі өнер қайраткері Хатимолла Бердіғалиевты айта аламын. Хатимолла ағам секілді облыстық,  республикалық сахналарда әуезді әндермен халық жүрегінен орын алып, өнер өлкесінде өзіндік дара жолын қалыптастыратын азамат болғым келеді.

Өзіндік қиындығы мен қызығы бар мәдениет саласында жүрген кезде өзіме ылғи да қолдау білдіріп жүрген Бәйтерек аудандық мәдениет үйінің директоры Амангүл Намазоваға, аудандық мәдени-демалыс орталығының қызметкерлері, аудан өнерпаздары Ақан Жекеков, Аслан Ғизатовтарға інілік ризашылығымды білдіріп, артқан сенімдерін ақтап, халық игілігіне адал қызмет ететін өнер адамы болуды маңдайыма жазғай! — дейді Кенесары Болғанбаев.

 

Шыңғыс РОМАШЕВ 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар