11.04.2019, 10:56
Қараулар: 10
Жүрек түкпіріндегі мөлтек сыр

Жүрек түкпіріндегі мөлтек сыр

         Жомартбектің жүрегі сыр беріп, дімкәс тартқанына төртінші жылға аяқ басты. Күндегі әдеті – қолынан түспейтіні бір ғана кітапқа үңіліп, терезеге телміріп отыру ғана. Бір уақытта кітап арасынан суырылып түскен жары Жанерке екеуі құшақтасып түскен ескі бір суретке көзі түсті де, жан тебіренісі еріксіз жастық шаққа алып кете барды…

 

Ол аудан орталығындағы редакцияда қарапайым ғана тілші болып қызмет атқаратын. Ең алғаш мақалалары да аудандық басылымда жарық көре бастаған. Шығармашылықты жаны сүйетін ол бірқатар өлеңдердің авторы еді. Жанындағы әріптестері де, достары да оған үнемі қолдау білдіріп отыратын.

Расымен де ол бақытты еді. Бәрі былайша басталған. Ақпарат қызметкерлері арасындағы спорттық шараға қатысып, Жанеркемен сол кезде танысқан болатын.

Еріксіз өзіне баурап алатын, терең тұңғиыққа бойлаған мұны өзіне магниттей тарта беретін әдемі жанарына ғашық болды. Бұл ғаламның ғажайыбы да, әркезде алдамаған аппақ арманы да, бақыт деп ойлайтын болашағы қыз жанарының тұңғиығында астасып жатқандай күй кешетін…

Жанеркеде өзге қыздардан бөлек, өзіне тән қайсарлық бар-тұғын. Тар жол, тайғақ кешудің өзінде ақиқатпен ғана сөз бастайтын. Тіпті мұндай батылдық ақын болса да, азамат болса да Жомартбектің өзінде жоқ еді.

Екеуі бірін-бірі үнсіз түсіністі, қол ұстасып театрға да, киноға да барды. Айтыс десе екеуі де ішкен асын жерге қоятын нағыз шығармашыл жұп болды. Кешқұрым саябақта серуендеген сәтте Жомартбек Жанеркеге арнап ғашықтық жырлардың қаншамасын өмірге әкелді десеңізші?!..

Әр кеште ұзақ сырласатын. Түнгі аспанды жарық еткен жұлдыз болса да, Жомартбек үшін жүзіне күлкі, қаламына қанат бітірген Жанерке болатын.

Көктемнің құлпырған сәтінде Жомартбек Жанеркеге ең алғаш 101 раушан гүлін сыйлады да, неке жүзігін ұсынды. Армандарға ақ кемедей сапар шегетін, алдан қолын бұлғап тұратын бақыт атты болашаққа бірге аттанып, ақ босағының табалдырығына аяқ басты.

Міне, содан бері тұп-тура жиырма бес жыл ғұмыр кешіпті. Әлі де бірге өмір сүруге болар еді, бірақ Жомартбектің жанын меңдеген жаман ауру оны алып тынбасқа баяғыда көшкен болатын.

Белгілі бір ақиқатты жазғаны үшін бұзақылардың шабуылына ұшыраған кезде де, шындық үшін араша болғаны үшін қастандық жасалған уақытта да, қорқыту мен үркіту, қаржылай қысым көрген сәтте де, шығармашылық тоқырауға бет бұрған сарсаңға түсіп сандалған уақытта оның жанынан кешегі айырылмастай болған достары да, туыстары да бәрі теріс айналды.

Кенет есіне бір оқиға түсті.Бұл осыдан он жыл бұрын қыс айларының бірінде  болған жағдаят еді.Түн жамылып көрші ауылдан жұмыс бабымен келе жатырған Жомартбектің көлігі кенеттен орта жолға келгенде оталмай қалды. Әлі аудан орталығына дейін 8-10 шақырым бар.Достарына қоңырау шалайын десе телефон құрғырдың қуаты бітіп қалыпты.

Қаңтардың аязы да өңменінен өтіп барады. Кенет жанына бір машина тоқтай қалды да ішінен сау етіп 4-5 жігіт түсті де ай-шай деуге келместен мұны тепкінің астына алды.Қан жоса болып қар құшқан бұған ешқайсы назар аудармастан көліктеріне отырды да қою қараңғылыққа сіңіп кетті.

Үйге келмегесін уайымдаған Жанерке ағайын-тумаға, дос-жаранның кейбіріне телефон шалып, кейбірінің есігін қағып ешкімнен көмек болмағасын қарлы суық пен ақтүтек боранда түнімен жалғыз кезіп іздеп, 10 шақырымдық жолды жаяу жүріп, не өлі-тірі екенін біле алмай, ес-түссіз жатқан Жомартбекті жол жиегінен тауып алды.
Жолдан ауыр жүк таситын көлік кездесіп, ауруханағаға сабылып барғанменен есігінен ішке ене алмай жолдасын құшақтаған күйі қара шаңырағына кері қайтты. Аурухананың қабылдамаған себебі де аурухана басшысы мен болған арадағы дау-дамайдың кесірі болатын. Ұйқыда жатқан Ақансерісін маңдайынан сүйген ана, ес-түссіз жатқан жолдасын өз қал-қауқарынша емдеуге кірісті. Жұмыс пен үйді қатар алып жүріп ауру жарының да мейлінше көңілін табуға тырысты. Қайсарлығы мен батылдығы, жарына деген қамқорлығы ақыры Жомартбекті аяққа тұрғызды.

Бір күні кешкі шай үстінде отырған Жомартбек Жанеркеге ұзақ сырласты

— Тағдырыма сендей жанды бұйыртқан Аллаға мың шүкір! – деді.

— Жоға жаным мен тек кез-келген әйелдің қолынан келетін іс жасадым, — деді.

— Жоқ, сен ешкім жасай алмайтын әрекет жасадың, менің бүгін өзіңмен әңгімелесіп отыруымда сенің маған деген аппақ кіршіксіз адалдығың еді.

— Керісінше мен өзіңдей жанмен бас қосқаныма бақыттымын, — деді Жанерке.

— Бақыт деген байлық та емес, арман да емес менің жүрегімнің иесі сен екен ғой деген Жомартбек Жанеркесін құшақтап ұзақ отырды.

Қым-қиғаш мәселелер жанына маза таптырмаған уақытта Жомартбекке қолдау мен демеу ауадай қажет еді. Ол қолдауды да, демеуді де жанындағы жан жары Жанеркенің бойынан тапты.

«Сен мықтысың, сен жеңілмейсің!» деген жарының қанатты сөздері оның бойына рух, қиялына қанат байлады. Айтқандай-ақ барлық қиыншылықты бірігіп жеңіп шықты, бірігіп жеңіп шықты дейді-ау, қайсар мінезді жары болмаса, ол баяғыда өмірден баз кешіп кетер ме еді?!..

Жан-жарына арнап ескерткіш соқса да артық етпес еді. Бірақ естелік кітап жазып шықты. «Жүрек түкпіріндегі мөлтек сыр» атты жарына арнаған естелік кітабында бір кездері өзін ғашық еткен ару, қиын сәтте қолдау білдірген жар, жалғыз ұлдарына тәлім-тәрбие берген аяулы ана бейнесін ашып шығуға тырысты.

Тағы да жүрегі сыр берді. Осы ауру жанын меңдегелі достары да, туыстары да, тіпті ең жақын досым дейтін Сұлтанбектің өзі бұл үйге бас сұғуды сиреткен. Жалғыз ұл Ақансері де былтыр отау құрып, жұмыс бабымен өзге қалаға кеткен болатын. Жанындағы демеушісі баяғы жан-жары жастық реңіне аздаған болмашы әжім түссе де, жүрегі тұнып тұрған сұлулық Жанеркесі болатын.

Суретті қолына алып ұзақ қарап отырған еді, бір аялы алақанның жылулығын сезді. Қанша жерден ауру мұны тар төсекке таңса да, Жанерке жанына келіп күлімдеген көздерімен мұның қолдарын өзінің әдемі алақанымен сипап отырған сәтте бұл ауруды да, өміріндегі бар қиын сәттерді де ұмытып кететін.

Тағы да сол тұңғиыққа бойлаған сұлу жанарға көзі түсті де жарының маңдайынан сүйді. Күлімдеген көздеріне қарап отырды да, мен бақыттымын деп ақтық сапарға аттанып кете барды.

«Мен бақыттымын. Қош жүрек түкпіріндегі мөлтек сырдың иесі менің сұлу Жанеркем» деген сырлы сөздер ақынның демі үзілген сәттегі жарына деген сүйіспеншілігі мен ыстық ықыласы болатын…

 

                                                                                      Шыңғыс РОМАШЕВ