10.04.2019, 12:29
Қараулар: 632
Бәйтеректе бірқатар мәселелерді қамтыған жиын өтті

Бәйтеректе бірқатар мәселелерді қамтыған жиын өтті

       9 сәуір күні аудандық әкімдікте кәсіпкерлікті жетілдіруге байланысты мәселеден бастап, өзге де салық түсімдерін реттеу, салық берешектерімен жұмыстану сынды бірқатар мәселелер қаралды. Бұл отырыста атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматын түсіндіру және «Е–Халық» жүйесін жетілдіру мен «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасы да қаралды.

 

— Бүгінде кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттік қолдау өте зор. Аталған саланы алға дамытуда қоғамдық жұмыстарды жүргізетін жергілікті кәсіпкерлік палатасы септігін тигізуде. Бұл палата тек жергілікті атқарушы билікпен жұмыс жасап қана қоймай, нақты заңдылыққа байланысты және заңның өзгерулері мен толықтырылуларына да өз үлестерін қосып келеді. Бизнесті дамытуда көптеген кедергілер бар. Жол мәселесі мен әкімшілік кедергілер сынды мәселелерді талқылайтын боламыз. Бизнесті дамытуда, бұдан бөлек, қандай көкейкесті мәселелердің барлығын ортаға салатын боламыз, — деді алдымен сөз алған аудан әкімі Асхат Шахаров.

— Кәсіпкерлер күн сайын өз қызметтері мен міндеттерін атқару барысында құзырлы органдардың заңсыз тексерулері мен заңға қайшы әрекеттерге байланысты өзге де қиындықтарға тап болып жатады. Егер қандай да бір мәселелер Үкіметтің деңгейінде қарауды талап етсе немесе оларды шешу үшін заңнамаға түзетулер енгізілсе, онда мәселе Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасына беріледі. Осы саладағы күрделі мәселелер мен қатар жергілікті кәсіпкерлердің өзекті мәселелері назарға алынады, — деді БҚО кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Әсел Қартқожақова.

Әсел Нәбиоллақызының айтуынша, экономикалық дамудың қазіргі заманғы үрдістері бизнес-қоғамдастықты біріктіру қажеттілігін тудыруда, отандық тауарөндірушілердің мүдделері белгілі бір стратегияны қажет етеді, аймақтық өнімдерді жалғыз емес, бірлескен күш-жігермен ілгерілетіп кеңейту керек. Енді алға қойылған осы мақсат-міндеттерге қол жеткізуге бағытталған жұмыстарды жандандыру үшін ірі бизнес өкілдеріне ғана емес, сондай-ақ шағын және орта бизнеске де белсенді түрде қатысу жоспарлануда.

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Болатбек Ахметжанов бүгінгі таңда атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы және «Е–Халық» жүйесінің бүгінгі таңдағы орындалу барысымен таныстырды. Мәселен, «Е–Халық» жүйесін орындауда бүгінгі таңда Переметный, Мичурин, Шалғай, Чиров, Трекин, Раздольный, Щапов сынды ауылдық округтер 100 пайыз орындаса, Сұлукөл, Дариян, Рубежин, Белес ауылдық округтері әлі де көш соңында келеді.

Ал атаулы әлеуметтік көмек алуда тұрғын-жайсыз тіркеуде жүрген немесе саяжайларда тұратын тұрғындарды уақытша тіркеу мәселесі айтылды.

Бəйтерек аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Алма Төлепқалиева «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасы Дарияннан – 5, Красновтан – 1, Махамбеттен – 1 және Макаровтан 1 жоба өтсе, қалған ауылдық округтерден ешқандай жоба ұсынылмаған. Ұсынылған бірлі-жарым ауылдық округтердің жобалары қолдау таппаған.

Аудан басшысы Асхат Берлешұлы ауылдық округ әкімдеріне «Е–Халық» жүйесі мен «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасы бойынша жұмыстарды үстіміздегі жұмада тиянақты бітіруді тапсырды.

Айта кету керек, аудандық әкімдікте өткен жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, ауылдық округ әкімдері, мекеме-бөлім басшыларымен қатар кәсіпкерлер қатысты.

 

Нұрлыбек ҚЫДЫРҒАЛИҰЛЫ,

Бәйтерек ауданы

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар