9.04.2019, 9:56
Қараулар: 393
Өліара шаққа өкпе артпайық

Өліара шаққа өкпе артпайық

Қазіргідей «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында» әрбір адам өз денсаулығына жауапты қарап, мейілінше сақтанғаны абзал.

 

Деннің саулығын, бастың амандығын бірінші кезекке қойғанның ұтары көп. Бұл тұрғыда әрбір жан әсіресе көктем мезгілінде жеке бас гигиенасына, имунитетті арттыру мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс.

Көктем мезгілінде делсал, әлжуаз, еш нәрсеге зауқымыз соқпайтын тұстар жиі орын алады. Әрине, бұның бәрі күнделікті өмірімізді дұрыс жоспарлай білмеудің кесірінен. Адамның өз-өзін күтіп ұстауы, бағалап қадірлеуі – тікелей өзіне байланысты.

Ауыл тұрғыны Жанар Хабиболлаева көктем мезілінде имунитетті арттыру мәселесіне жіті көңіл бөледі. Себебі бұл отбасында 5 адам тұрады.

— Жылқы малының етін жақсы көрмейтін қазақ кемде-кем. Әйтсе де соғымның таусылар шағы жақын. Өз басым соғым етін мамырдың соңына дейін сақтаймын. Бұл – отбасылық дәстүр.

Шынын айту керек, көктем шығысымен балаларым да, өзім де макарон өнімдерінен бас тартуға тура келді. Ағзамыз талап етпейді әзірге.

Көбіне-көп қаладан болмаса, жергілікті сауда нүктелерінен дөңмаңдай  балығын айына 2 мәрте сатып аламыз. Бұл дөңмаңдай балығын отбасымызбен жақсы көреміз. Осы балықты қуырып та, сорпа жасап та дайындаймын. Жалпы, отбасымыздың ас мәзіріне еніп кетті десе те болады.

Дәл қазіргі уақытта ағарғанды да жиі пайдаланамыз. Балалар күнде айран сұрайды. Күнара айран, көже дайындап қоямын, — деп өзіндік ойын ортаға салды Жанар.

Ақ желеңді абзал жандарда бұл мезгілде сүт өнімдері, балық етінің, жалпы ет атаулының пайдалы екендігін растап отыр.

Бәйтерек аудандық орталық аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Мақсат Оразбаев:

— Биылғы қыс қатты болды. Қар қалың түсті. Алайда көктем уақытында келді. Көктем мезілінде кез келген адам жеке бас гигиенасын қатаң сақтауы тиіс. Көпшілік жиналатын орындарға баруды да тежеу керек бұл мезгілде. Түрлі вирустарға қарсы препараттарды қабылдау шаралары. Бұл тұрғыда көпшілікке қолжетімді – акселин майын атауға болады.

Майды (ересектер де, балалар да) мұрынның шырышты қабатына жағып, күніне 3-4 рет қайталап пайдалануға болады.

Бұл мезгілде әр адам дұрыс әрі ұтымды тамақтана білуді де естен шығармаған жөн. Көкөністер, жеміс-жидектер және сүт өнімдерін, әсіресе ірімшік пен айранды тұтынған дұрыс.

Негізінен алғанда, тұмау ауруының алдын алуға байланысты өткен жылдың күз айларында вакцинация жасалынды.

Қазіргі таңда ауданда балалардың аурушаңдыққа бейімдігі байқалып отыр. Оларға вирусқа қарсы арнайы препараттар, синтаматикалық ем тағайындалды, жергілікті дәрігерлердің бақылауында.

Ал, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары мектептерде, колледждерде, қоғамдық орындарда вирустық инфекцияның алдын алу шаралары бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде, — дейді.

Бүгінгі таңда көпшіліктің сұранысына ие тағамдар турасында «Центральный» сауда үйінің сатушысы Баянсұлу Қазіретова:

— «Центральный» сауда үйі – аудан орталығындағы ірі сауда үйлерінің бірі. Тәулік бойы жұмыс жасайды. Азық-түлік, т.б. тауарлар іргеміздегі қаладан күнделікті тасымалданып әкелініп тұрады.

Бүгінгі таңда тұтынушылардың көкөністер мен жеміс-жидектерге деген сұранысы артып отыр. Сауда жасаушы тұтынушылардың көбісі көкөністерден орамжапырақ, сәбіз, картоп, жеміс-жидектерден анар, алма, банан т.б. көп сатып алады. Анар шырыны да сұранысқа ие.

Шынын айту керек, қазір соғымның біте бастаған уақыты. Тұтуынушылар тауық еті мен еттартқыштан өткен еттерді сатып алуға ықылас білдіріп отыр, — деп ой сабақтайды.

Көктем мезгілінде физикалық жаттығулардың да иммунитетті нығайтуға пайдасы зор. Таңғы жаттығу, аэробика, фитнеске бару, жүгіру, жүзу, жаяу серуендеу, шейпинг жасау сынды жаттығулар оң өзгеріс сыйлайды. Түрлі жаттығулардың ішінен патша көңіліңіз қалаған түрді таңдап, шұғылдану еш өкінішке ұрындырмайтындығын алға тартады арнайы мамандар.

Ендеше, көктемге өкпе артпай, өз-өзімізді қолға алуға иек артайық!

 

Ертай САҒЫНДЫҚҰЛЫ