4.04.2019, 11:27
Қараулар: 116
Ата-дәстүрді дәріптеп…

Ата-дәстүрді дәріптеп…

Өнерді кеңінен насихаттап, аудан көлеміндегі әжелер ансамбльдерінің өнерге деген құрметтерін дәріптеу мақсатында Дариян ауылдық мәдениет үйінде «Әже өнері – өнеге» тақырыбында байқау оздырылды.

 

Әжелер өнерсүйер қауымға өнерлерінен сый жасады. Сахна шымылдығы «Дарьюшка» халықтық би ансамблінің «Шашу» биімен ашылды. Ән айту, өзін-өзі таныстыру, ән айту, салт-дәстүрден көрініс көрсету секілді кезеңдерден тұратын сайыста жеті ансамбль бақ сынады.

Атап айтқанда, алғашқы тапсырма бойынша «Ақ шағала»

(Дариян), «Асыл әже» (Мичурин), халықтық «Ақ ниет» ансамблі

(Переметный), «Ақжарқын» (Егіндібұлақ), «Шамшырақ» (Янайкин),

«Сәулем-ай» (Володар), «Көңілашар» (Трекин) ансамблінің мүшелері жұртшылықтың көңілдерінен шықты.

Өскелең ұрпаққа халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын кеңінен таныстырып, аға ұрпақ пен бүгінгі ұрпақ арасын жалғауды көздеген әжелер байқауындағы салт-дәстүрден көрініс қою кезеңінде тұсаукесу, жиенқұйрық, келіннің көңілін табу, бесікке салу сияқты дәстүрлерімізді көрсетіп, тамаша әннен шашу шашты.

Жиналған көрермендерді салт-дәстүрімізге қанықтырып, әнмен қоса ескі қара өлеңдер шырқаған әжелер сайысының қорытындысында переметныйлық халықтық «Ақ ниет» ансамблі бас жүлдені қанжығаларына байласа, дарияндық «Ақ шағала» және «Сәулем-ай» әжелер ансамбльдері ІІ орынды, мичуриндік «Асыл әже» мен трекиндік «Көңілашар» әжелер ансамбльдері ІІІ орынды иеленді.

Шара соңында жеңімпаз-жүлдегерлерге Дариян ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Тимур Әбубәкіров жылы лебізімен бірге алғыс хаттар мен сыйлықтар табыстады.

 

Гүлжан АЯЗБАЕВА

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар