4.04.2019, 11:17
Қараулар: 116
ӨЛЕҢМЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР

ӨЛЕҢМЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР

Бимұханов Ертай Сағындықұлы 1973 жылы 16 тамызда Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Қаратөбе ауылында дүниеге келген. А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын тәмамдаған.

Е.Бимұханов – республикалық, облыстық ақындар айтысы мен жазба ақындар мүшәйрасының бірнеше дүркін жүлдегері.

2002, 2007 жылдары елордасы Астана қаласында өткен Халықаралық шығармашыл жастардың «Шабыт» фестивалінің «Әдебиет», «Журналистика» номинациялары бойынша дипломанты атанған.

Е.Бимұхановтың туындылары «Қос ішек-Струны души» (Астана), «Жыр Жайық», «Жырлайды Жайық», «Ауылдың азаматтары», «Айтыстың аясында ару Жайық», «Мемлекеттік тілге – құрмет», «Әнімен елді тербеген…» (Алматы), «Батыс Қазақстан ақын-жазушыларының библиографиялық көрсеткіші» т.б. кітаптарына енген.

2006 жылы Орал «Ағартушы» баспа лингвистикалық орталығынан мемлекеттік тапсырыс бойынша «Ақындық-азаматтық тұлға қалыптастыру жолдары» атты педагогикалық-әдістемелік кітабы, 2014 жылы «Өлеңмен қалдыр оңаша…» атты тұңғыш өлеңдер жинағы, «Тарих таңбасы» кітаптары жарыққа шыққан.

Е.Бимұханов 2006 жылдан Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың алғыс хатымен марапаталған.

2016 жылы Ертай Сағындықұлы «Қазақстан Республикасы ақпарат саласының үздігі» медалімен марапатталған.

 

 

Көктем үні

 

Ешкімге өкпем жоқ,
Нұр жауып көктен көп.
Мен келдім өмірге,
Қайтадан Көктем боп.

 

Жаңардым, толыстым,
Барымды бөлістім.
Өмірі көрмеген,
Адаммен көрістім!

 

Кеудемде асқақ үн,
Бейбіт күн – аспаным.
Бояуы көктемнің,
Жыр жаза бастадым.

 

Иісі ас үйдің,
Толқын боп тасимын.
Күнге де, Жерге де,
Иіліп бас идім.

 

Тартты ішке ой демін,
Сездіріп той лебін.
Аспанға хат жазып,
Жүрекпен сөйледім!

 

Жадырап жаңардым,
Домбыра-даламда үн.
Тап осы Көктемге,
Ғашық боп қалармын!

 

 

Туған жерім – жүрегім
Мен өзіңнен қайда кетем алыстап,
Арман-қиял қанатында қарыштап?..
Менің құйттай жүрегімді қорғаумен,
Алақанда келесің ғой әлі ұстап…

Құмдарыңда бабам ізі көнерген,
Ала таңың бұлбұл-дауыс ән өрген.
Құсқа айналып аспан асып кетсем де,
Биік мекен таба алмаспын Төбеңнен?!..

Көбейсе де мін таққыштар бұ күні,
Сенде менің тұлпарымның шылбыры.
Қатыгездеу қоғамыңа сөзім жоқ,
Табаныма тиген құмың жып-жылы.

Ертеңіңе алаңдасам жол қарай,
Құтқа толы қазыналы әр маңай.
Сенің жазық маңдайыңның бағы осы,
Сөйлей кетер домбыраңда қолға алмай…

Келер күнді қырат дала екшеген,
Көкірегім кемел ойды көксеген.
Тамырыңа байланғанмын әу бастан,
Бақыт тапсам, бақыт табам тек сенен!

Жаңбыр жауса, нұрға толып қақ төбем,
Қолға құйып жаңбырыңды ап келем…
Дауылыңа соққан сенің тартпасам,
Мінезді ақын шықпас еді тап менен?!..

Аспан тағы өте шықты күркіреп,
Мені сынап алмақшы ма, сілкілеп?..
Найзағайда мазамды алды алайда,
Қабырғалы Қаратөбем – бір тірек.

Әр төбеңе өлең арнап, ту іліп,
Мен өзіңнен көрген емен суынып.
Ешкім мені әкете алмас ешқайда,
Қаратөбем, жүрегіңнен суырып…

 

Сағыныш

 

Шебер-көктем суретші əрі мүсінші,
Шын сезімтал болсаң, мені түсінші!
Сүйген жарды театрға апардым,
Əттең, билет алынбады үшінші…
Анамның орны бір бөлек!

 

Күнделікті табылса да керегім,
Бəз біреуге бақыт шығар беделім.
Қарындасқа тəтті тортты сыйладым,
Сол дүкеннен бір нəрсе алсам деп едім…
Анамның орны бір бөлек!

 

Мейірімді іздейді екен көз қайдан,
Адамдардың арасында сөз-майдан?!..
Жан анама дұға қылдым ішімнен,
Қарындас та, сүйген жар да мəз-мейрам.

 

Жүрек сөзі

 

Адамзаттың əр өмірі ғажайып,
Кедергілер қалады ертең азайып.
Ал, жүрегім, енді қалған ғұмырда,
Тек екеуміз жақсы өлеңдер жазайық!

 

Қатыгездік кетті дейміз көбейіп,
Жылы жаққа құмартамыз уəде үйіп.
Екеумізден көп адамның үміті,
Сондықтан да шаттық нұрын төгейік!

 

Алға бұрып адамдықтың арнасын,
Əдемілік келер күнді жалғасын!
Бірін-бірі жек көретін адамдар,
Ендігəрі ортамызда қалмасын!

 

Түзу ұшсын көк түтіні əр үйдің,
Татулығын атқан таңнан танимын.
Тазалықты жаным қалап тұрады,
О, тағдырым, жүрегін бер сəбидің!

 

Бұл қалада…

 

Бұл қоғамның жүрегіне үңіліп,
Ұсақтықтан гөрі қажет ірілік.
Бұл қалада…
Сыраңды да іше алмайсың сіміріп.

 

Ұйқыдан да оянасың ертерек,
Жетпегенді жеткізесің желкелеп.
Бұл қалада…
Өмір сүру екіталай еркелеп.

 

Адам ғой деп ешкім сені таңдамас,
Керегіңді мықты болсаң, «ал да қаш!»
Бұл қалада..
Бəрі асығыс, барлығы да қарбалас.

 

Бұл қу тірлік аяғыңды матаған,
Жатқан есеп, баса қалсаң, əр қадам.
Бұл қалада…
Туғаның да бір кездері жат адам.

 

Тереземнен үңіледі бақыт көп,
Кездесе ме даңғыл жолда бағыт дөп?!..
Бұл қалада…
Өкпелеуге еш адамға уақыт жоқ!

 

Ертай БИМҰХАНОВ,

Бәйтерек ауданы