4.04.2019, 11:10
Қараулар: 106
Атадан қалған ас емес

Атадан қалған ас емес

Қаһарына мінген кәрі құда қыс кеткен қазіргі кезде іннен шыққан суырдай бұрыш-бұрышты сағалап, қоқыс жәшіктерін жағалап, тамағына талғажау етер ауқат іздеген жандарды жиі кездестіретініміз жасырын емес.

 

Ал жаз кезіндегі көрініс тіптен бөлек. Жаңбырдан соң қаптаған саңырауқұлақтай мұндай жандар қала көшелерінің қақ ортасынан да қылаң береді. Олардың алдымен арды, кейін үйдегі барды сатып ішетін жандар екендігін көпшілік түсініп те алған. Оларды қайыр тілетіп, қоқыс аралауға мәжбүр еткен ащы судың кесірі екендігі айтпаса да түсінікті. Бәзбіреулер алаяқтарға алданса, енді бірі жақын адамынан айырылып, кеудедегі уайымын ащы сумен басу үшін басталатыны белгілі. Сөйтіп өздерін тұңғиық тереңіне бойлатып алғанын байқамай қалып жатады екен.

— Мен бұрын Падоовощной жағында тұрып мал бақтым. Өткен жылдың қыркүйек айында осы Переметный ауылынан үй салып, оны келіншегімнің атына жазып берген едім. Кейін ажырасып, ол мені үйден шығарып жіберді. Содан бері әркімнің үйінің ауласындағы қарын аршып беріп, сол үйде қонып жүрдім. Шынын айтқанда, далада қалдым. Ішімдікті бұрын анда-санда ішетінмін. Қазір де сол ара-арасында жүз грамдататыным жасырын емес. Соңғы рет ішкенімде үйге барып кикілжің туғызғанмын. Соның салдарынан он бес тәулікке қамалдым, — дейді кейіпкеріміз.

— Мен отбасымнан ажырасып кеткен соң келіншегім балаға тиісті жәрдемақы (алимент) сұратқан. Мән-жайды білгім келіп, ішімдік ішіп барып жанжалдасқанмын. Жалпы оған кінәлі өзіммін. Соның салдарынан бес тәулікке қамалдым, — дейді келесі кейіпкеріміз.

Қос кейіпкеріміз де аты-жөндерін көрсетпеуін сұрады.

Қазақстан Республикасы Президентінің «Ішімдіктен еріксіз түрде емдеу туралы» 1995 жылғы 7 сәуірдегі қаулысына сүйене отырып, аудандық орталық аурухананың нарколог мамандары мен учаскелік полиция инспекторлары бірігіп, ауыл ішінде бір жыл ішінде екі немесе одан көп ішімдік ішіп, тәртіп бұзған жандар еріксіз емдеу мекемесіне жіберілетін көрінеді. Әлбетте, бұл үшін отбасы мүшелері немесе туыстары ұсыныс жасай алады. Сонан соң тиісті құжаттар жинақталып, сот шешімімен еріксіз емдеуге жіберіледі.

— Ағымдағы жылы Переметный ауылдық округінен бір тұлға еріксіз емдеуге жолданса, өткен жылы екі тұлға жіберілді. Бұл ретте учаске инспекторы, полиция аға лейтенанты Серік Қарлыбаев елеулі еңбек ете білді.  Серік Берікұлы бұл тұлғалардың тиісті құжаттарын жинақтап, сот шешімі шыққан соң еріксіз емдеу мекемесіне жіберді. Еріксіз емдеуге жіберудегі мақсат отбасылық қарым-қатынастағы қылмыстың, көше қылмысының алдын алу болып табылады. Бұл – наркологпен, ауыл әкімдігімен бірлесіп атқарылады. Сондай-ақ еріксіз емделуге жіберілетін адамның отбасындағы және қоғамдағы мінезі ер азаматтар ақсақалдар кеңесінде, ал әйел азаматтар әйелдер кеңесінде қаралады. Хаттама толтырылып, хаттама негізінде еріксіз емдеуге жолдау сұралатыны көрсетіледі, — дейді Бәйтерек аудандық ішкі істер бөлімінің жергікті полиция қызметінің учаскелік инспектордың жұмысын ұйымдастыруға жауапты тұлға Азамат Жұмабаев.

Азамат Кенжеғалиұлының айтуынша, ауылдық округте орын алған он сегіз қылмыстың он екісі ашылған көрінеді. Соның ішінде екі қылмыстық оқиға ішімдік ішудің салдарынан орын алған.

— Бәйтерек ауданының батыс бөлігі, яғни Орал қаласынан ары орналасқан Дариян жағын қоспағанда 176 адам созылмалы алкоголь бойынша есепте тұр. Оның 36-сы әйел адам. Өткен жылы бұл көрсеткіш 193 болған. Мұндай жандарға стационарлық, күндізгі стационарлық ем қолданылады. Сонымен қатар құпия (анонимно) емделетін адамдар да бар. Бұлардың ішінде ішімдік ішуден бас тартып, диспансерлік есептен шығарылып жатқандары да бар. Біздер оларды өздігінен келген кезде немесе учаскелік инспекторлар әкелген кезде есеп санына, ауруханаға қанша мәрте түскеніне, жағдайына қарап тіркейміз. Бұдан бөлек, отбасының шырқын бұзған не оқыс жағдай жасағанын, қанша уақыттан бері алкогольдік ішімдікті тұтынатнын да ескереміз, — дейді аудандық орталық аурухананың психиатр-нарколог маманы Гүлшат Сабырова.

Гүлшат Мұхтарқызының айтуынша, арақ ішетін жастарда көбіне есте сақтау қабілеті төмендеуі байқалады. Сондай-ақ созылмалы панкреотит, созылмалы христит, асқазан жарасы, жүрек қан-тамыр жүйесінің, зәр шығару жүйесінің бұзылуы сынды тағы басқа көптеген дерттер осы ішімдікті қолдану салдарынан туындайтын көрінеді.

Ауруханаға апталап ішіп, система алған соң қайтадан жазылып шығатындар да жоқ емес. Ондай жандар өзі туралы ақпартты жария етпейді екен

Алкогольдік ішімдікті шектен тыс мөлшерде қолданатындарда тұқым қуалаушылық болады. Ол кейінгі ұрпағына берілмек.

Адам денсаулығына зиян келтіріп, көшеде қайыр тілетуге мәжбүр ететін ішімдік атаулының күні бүгінге дейін жақсы жағын көрдім деген жанды естімедік. Ендеше халқымыздың «Арақ атаңнан қалған ас емес» тәмсіл сөзін санаға түйсек, қоғамдағы қылмыс азайып, отбасындағы жанжал болмас та еді. Әрине, айту бізден, көңілге түю мен кәдеге жарату сізден.

 

Нұрлыбек МҰХАМБЕТИЯРОВ