4.04.2019, 11:01
Қараулар: 123
Құмар ойынға құмартпа

Құмар ойынға құмартпа

Карта ойыны – құмар ойындардың ең қорқынышты түрі. Соның ішінде покер деп аталатын түрі ойынханаларда үлкен сұранысқа ие.

     

         Қапшағай, Щучинск сияқты кейбір қалаларда құмар ойындарға арналған арнайы казинолар мен облыс орталықтарында бухмекерлік кеңселерді бар екендігі белгілі. Бірақ та халық көп жиналатын кейбір қоғамдық орындарда, орталық базарларда жиналып алып карта ойнап жатырған бір топ адамдарды ылғи да көзіміз шалады.

Оңай олжа тауып, пайдаға кенелгісі келетін жұртшылықтың саны бүгінде күннен-күнге артпаса кеміген емес.

Алайда бұл оңайлықпен келетін нәрсе емес. Айы оңынан туып, жеңіске жеткен ойыншы қанағатсыздық танытып, олжасын еселегісі келеді.                             Әйткенмен бұл ойында бірде жеңіс, бірде жеңіліс дәмін татасың. Жеңіліске ұшыраған ойыншы қалайда ұтамын деген соқыр үміттің арбауында жүріп барынан айрылғанын сезбей де қалады.

Адамды жолынан адастырып, құмар ойынға жетелейтін бірнеше факторларды атап көрсетуге болады. Өз-өзін басқара алмауы, өзгенің үлесінен қалта қампайтуды ойлауы, ешбір еңбексіз жеңіл жолмен пайда табуды көздеуі жалпы құмар ойын атаулының шеңгелінен шығара алмайды.

Карта ойыны арқылы жеңіл олжаға деген қызығушылығы артып, құмар ойынның құрсауында қалып, ұрлық-қарлық жасап, темір торға тоғытылып, ең ақырында өз-өзіне қол жұмсауға дейін баратын жағдайларды да кездестіруге болады.

Мамандардың пікіріне сүйенсек, карта ойынына деген құмарлықты қоғамдағы үлкен дертке балап «лудомания» деген ат қойған. Бұл дертке көбінесе жастар ұшырайды. Карта ойынына құмар болған адам қарызға да белшесінен батып, баспанасы мен дүние-мүлкін де ойынға тігіп, талан-таражға салып жіберетін жағдайлар да болып тұратындығы ащы болса да ақиқат.

Аудандық мешіттің бас имамы Әзілхан Бисенғалиевтің сөзіне сүйенсек, Құран аяттарында келтірілгендей, құмар ойын, тас ашу, балгерлік үлкен күнә болып табылады.

Соның ішінде карта ойнау ислам дінінде харам нәрсе ретінде келтірілген. Қазіргі уақытта құмар ойын ойнайтын жастардың бірен-сараны болмаса, азайғандығы көңіл қуантады.

— Құрдастарыммен бас қосқан отырыста уақыт өтсін деп карта ойнайтын кездерім болады. Салынып ойнамасақ та топ-топ болып жиналып алып, ақша салып карта ойнаймыз. Ұтыс болған жерде оңай олжаға кенелгіміз келетіні де шындық. Бір уақытта азын-шоғын ұтқанымызға көңіліміз пәс болса, кей кезде соңғы тиынымызға дейін санап беріп, жанымыздағы жора-жолдастарымызға қарызданып-қауғаланып қалатынымыз және бар.

Кей достарым карта ойнағаныңды қойсаңшы деп жатады. Бірақ бұл құмар ойын магнит сияқты өзіне еліктіріп алып кетеді. Құмар ойынға  қызығып, құрығына ілікпей арасында шағын отырыстарда, құрдас-достарыңның арасында карта ойнап, уақыт өткізгеннің артықшылығы жоқ деп ойлаймын, — дейді М. есімді ауыл тұрғыны.

— Жалпы мен құмар ойын атаулыға қарсымын. Достарымның көпшілігі жиын-тойларда отыра қалып карта ойнайды. Жас болғасын би билеп, ән айтып, ортақ әңгіме- дүкен құрып көңіл көтерген жақсы ғой. Карта ойнағасын соңы ұтыс пен ұтылыс болады, мұндай жерде адамдардың өзара араздасуына, қып-қызыл төбелеске соқтыратын да кездері болады.

Бос уақытымыз да құмар ойын ойнағанша кітап оқып, рухани жан дүниемізді байытып, спортпен айналысқан дұрыс деп ойлаймын, — дейді ауыл тұрғыны Нұркен Қасимов.

Бүгінгі қоғамдағы басты дертке айналған құмар ойыннан кім-кімде опа таппасы анық. Карта ойнаймын деп көше кезіп, бірде ұтып, бірде ұтылған уақытта ащы суға семіре тойып алып, көлік апатына, т.б. түрлі тосын жағдайларда ұшырап жататын да кездер жиі болады.

Мұның соңы жұбайлар арасындағы ұрыс-керіс, ақыры ажырасуға да апарып соқтыратыны белгілі.

Айрандай ұйыған отбасының да шырқын бұзбай, өз болашағыңа да балта шаппай жаман әдеттерден аулақ болып кемел келешекке деген нық сеніммен өмір сүргенге не жетсін?!

 

Шыңғыс НҰРЛЫБЕКҰЛЫ