4.04.2019, 10:35
Қараулар: 403
Тілсіз жауға тосқауыл бар

Тілсіз жауға тосқауыл бар

Бәйтерек ауданында көктемгі су тасқынының алдын-алуға байланысты біраз жұмыстар атқарылу үстінде. Ақпан айынан бастау алған жұмыстар бүгінде өз нәтижесін беріп отыр.

 

— Аудан аумағында қазіргі уақытқа дейін 58394 м3  қар шығарылып, 2795 м 3 су сорылды. Негізінен алғанда тәулігіне 622 м3 су сорылады.

Қар шығару жұмыстарына (эксковатор, Камаз, тиегіш, трактор т.б.) ауыр жүк көліктері қамтылды.

Қар суынан келетін қауіптің алдын-алу жұмыстары жүргізіліп жатырғанмен де аудан аумағындағы суға кету қаупі басым аймақтар Мичурин, Зеленый ауылдары бақылаудан тыс қалған емес.

Аудан әкімшілігі тарапынан да сенбіліктер ұйымдастырылып, қажетті қаражат бөлініп, қолдау білдіріліп, көмек көрсетілуде. Аудан тұрғындары да аулаларындағы қарды тысқа шығарып, арықтарды ашып, қолғабыстарын тигізу үстінде.

Көктемгі су тасқыны мезгілі де жақындап келеді. Өзендерде мұздың беті күннің қызуымен, асты еріген сумен жұқара бастайды. Мұз кез-келген уақытта жарылып кетуі басым болғандықтан, сең жүру уақытында мұзда жүру қауіпті екендігін тұрғындар қаперіне салғымыз келеді, — дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау майоры Қайрат Жұмағалиев.

Ал, Бәйтерек ауданы әкімі аппаратының құжаттамалық қамтамасыз ету, қаржы шаруашылығы бөлімінің азаматтық қорғау мәселелері жөніндегі бас инспекторы Фархат Үмбетқалиевтің айтуынша, аудан әкімшілігі тарапынан көктемгі су тасқынына байланысты 12 млн 300 мың теңге қаржат бөлінді. Бұл қаражат (су сорғыш, қапшық) т.б. керекті құрал-жабдықтарды алуға бөлінген.

— Аудан әкімшілігі төтенше жағдайлар бөлімімен үнемі байланыста отырып, суға кету қаупі басым аймақтарды басты назарда қадағалап отыр.

Көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары Мичурин ауылдық округінде ойдағыдай жүзеге асырылуда. Ауылдық округ әкімшілігі  «Жиенбай» ЖШС, «Касимов», «Шебер», «Восход», «Занимов Ғариф» жеке кәсіпкерлігі, бірқатар фирма, жеке кәсіпкерліктермен келісім-шартқа отырып, бұл күнде аталмыш фирма, жеке кәсіпкерліктер өздерінің ауыр жүк көліктері, жұмысшаларын қар шығару жұмыстарына тартып, ауылдық округтегі суға кету қаупі басым көшелердегі қарды тазалап, арықтарды аршыды.

Қазіргі уақытта Мичурин ауылдық округі бойынша 43000 м 3 қар шығарылды. Округте көктемгі тасқынға байланысты жұмыстар әлі де жүргізіліп жатыр, — дейді Мичурин ауылдық округі әкімінің орынбасары  Ибрагим Аманғалиұлы.

— Былтырға қарағанда Егіндібұлақ ауылында биылғы жылы қар қалың түскен. Төтенше жағдайлар бөлімі тасқынның алдын-алу жұмыстарын жүргізіп жатырғанмен де, бұл аймақ суға кету қаупі басым аймақтардың бірі боп саналады.

Өткен апталарда ауыл мен аудан, ауыл мен қала аралығында жол қатынасы болмай, қаладан келген туысқандарымыз апталап жатып қалған кездер кездесті. Қар көбесі сөгіліп жатыр десек те, көктемгі тасқынға дайын болып, сақтанып отырғанымыз абзал. Ауыл тұрғындары да аулаларындағы қарды сыртқа шығаруда. Қардың қалың түсуіне байланысты тасқынға тосқын бола алмай қалып, баспана мен аула-қораларымыз суға кете ме деген уайымда жоқ емес, — дейді Егіндібұлақ ауылының тұрғыны Айсамал Салауатқызы.

Мұз еріп, қар көбесі сөгілуде. Ауыл тұрғындары жұмылып, ауладағы қарды тысқа тасып шығарып, арықтарды тазалап, үнемі сенбіліктер өткізіп тұрамыз. Ауыл әкімшілігі мен төтенше жағдайлар бөлімі ауыл тұрғындарымен бірігіп, қауіп-қатердің алдын-алуда. Көктемгі су тасқынына байланысты жұмыстар толыққанды жүргізіліп жатырғандығын көріп отырмыз. Алдағы уақытта елді мекенге қар суынан келетін қауіп жоқ деп ойлаймын, — дейді Новенький елді-мекенінің тұрғыны Саян Ержанов.

 

    Шыңғыс НҰРЛЫБЕКҰЛЫ