15.11.2018, 11:24
Қараулар: 433
Ақпарат алаңындағы кезекті басқосу

Ақпарат алаңындағы кезекті басқосу

Аудан әкімдігінің ақпарат алаңындағы кезекті баспасөз мәслихатына Рубежин ауылдық округінің әкімі Айбар Жаңабаев келді.


Ауылдық округтің соңғы 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жайын баяндаған Айбар Қалиұлының сөзінше, округ күн санап көркейе түскен және де барлық салада іргелілеу бар. Әсіресе шағын және орта кәсіппен айналысатын рубежиндіктердің ісі оңға басқан. Ауыл аумағында 21 жеке кәсіпкер тіркелген. Сондай-ақ «Еңбек нәтижелі жұмыспен қамтудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша 3 адам бизнес-бастау курсына қатысып, біліктіліктерін арттырған. Бұдан бөлек ауыл аумағындағы кірпіш шығаратын «134» ЖШС осы күнге дейін 25 миллион 800 мың теңгенің кірпішін өндірген.

Ауылдағы қоғамдық-саяси жағдай да қалыпты. 16 ұлт өкілі тұратын Рубежинде 4 қоғамдық білестік жемісті жұмыс жасап келеді.

Денсаулық сақтау мен спорт саласы да бір жолға қойылған ауылда футбол, волейбол сияқты спорт түрлері жақсы дамыған. Ауыл жастарынан құралған командалар өзара сайысқа түсуді де дәстүрге айналдырған. Ал, ауылдағы дәрігерлік амбулаторияда 1 дәрігер, 5 орта медициналық қызметкер жұмыс жасайды. Сондай-ақ рубежиндік ақ желеңділер Красноармейск және Спартак ауылдарының тұрғындарына да дәрігерлік қызмет көрсетіп тұрады.

Ауыл шаруашылығы саласына келер болсақ, ауыл аумағындағы 18 шаруа қожалығы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысады. Жергілікті шаруалар 104 тонна ет, 482,4 тонна сүт шығарған. Қыстың қамын да ойластырған олар 1621 тонна мал азығын дайындап үлгеріпті.

 

Түгелбай БИСЕН