14.11.2018, 10:48
Қараулар: 105
Аудан лигасы бастау алды

Аудан лигасы бастау алды

Шағын футболдан аудандық лига ойындары басталды. Жарысқа аудан орталығындағы мекемелер мен бөлімдердің, ауыл жастарының, алыс-жақын округтердің командалары қатысуда. 

Алғашқы турдың екі ойынын өткізген командалар көрерменге қызықты матчтар ұсынды. Алдымен алаңға шыққан Камень мектебі мен Раздольный ауылдық округінің командаларының тартысында мектеп ұжымы жеңіске жетсе, аудандық ішкі істер бөлімі мен БЖСМ командаларының арасындағы тартысқа толы ойында спорт мектебінің жігіттері алда болды.

Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан аудан лигасының ойындары күн санап көрермен қызығушылығын оятуда. Көпшілік биылғы жарыстың фавориттері қатарына БЖСМ мен №25 өрт сөндіру бөлімінің командаларын енгізіп отыр. Кеше алғашқы ойынын өткізген БЖСМ ойыншылары бабында екендігін көрсетсе, бейсенбі күні алаңға шығатын өрт сөндірушілер де ойынға сақадай сай. Дегенмен доп домалақ. Барлығын ойыншылардың дайындығы көрсетеді.

 

Түгелбай БИСЕН