14.11.2018, 10:45
Қараулар: 437
«Ән-Хадиша» Зеленовта

«Ән-Хадиша» Зеленовта

Аудандық мәдениет үйінде өткен Хадиша Сейітованың ән кеші дәл осылай аталды. Аталған кешке аудан әкімінің  орынбасары Көпжан Тұрлыбеков бастаған бір топ лауазым иелері мен аудан тұрғындары қатысты.

 

— Жалпы, сахнаға шығып ән салып жүргеніме биыл 23 жылдың жүзі болды. Осы уақыттарда Оралға той-томалақтарға, үлкен концерттермен  келіп тұратынмын. Ал ән сапарымен Батыс Қазақстан облысына қарасты аудандарды аралап, жеке концерт беріп алғаш келуім. Бастапқыда қорқыныш сезімі болған, алайда халықтың ықылас-пейілінен соң бұл сезім жоғалғандай болды. Алда Ақжайық ауданында, одан соң Орал қаласында концерт бермекпін, — деді Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Хадиша Оралқызы.

Кеш «Ана-әке», «Ана туралы жыр», «Құстар қайтып барады» әндерімен басталып, одан әрі де елімізге белгілі композиторлардың әуендерімен жалғасын тапты.

Айта кету керек, әнші бұған дейін Қостанай, Ақтөбе, Ақтау, Тараз және Қызылорда қалаларында ән кешін өткізді.

 

Нұрлыбек Қыдырғалиұлы