13.11.2018, 9:45
Қараулар: 10
«Ауыл тынысы» ұсынады

«Ауыл тынысы» ұсынады

Бір кездегі кітап оқу сияқты осы күні кино көру, оны талқылау қоғамның ажырамас бөлігіне айналып кеткелі қашан? Үлкен бір индустрияға айналған кино түсіру ісі жыл сайын көрермен назарына мыңдаған туынды ұсынады. Оның ішінде жақсысы да, жаманы да бар. Көңілден шықпаған фильмдер өздігінен жойылып, көрермен сұранысынан айырылып қалса, жекелеген фильмдер өз биігінен түспей, тіпті аға буын мен кейінгі толқын арасын байланыстыра түседі.


Газет бетінде ашылған жаңа айдарды осындай әлем киномандарының оң бағасын алған фильмдерге арнамақпыз.

Көпшілік көңілінен шыққан алғашқы туынды Джеймс Кэмеронның «Титаник» фильмі.

Әйгілі круиз лайнерінің апаты жайындағы фильм түсіруді Джеймс Кэмерон өткен ғасырдың сексенінші жылдары ойластыра бастаған. Бірақ бұл жоба 1994 жылы іске асты. Титаник туралы барынша мағлұмат жинау үшін режиссер 12 мәрте батискафпен су астына түскен. Жеті айға созылған кино түсіру жұмысына 200 миллион доллар жұмсалды.

Роуз атты жас қыз бен Джек деген жігіттің махаббаты туралы айтылған қызықты фильм ешкімді бейжай қалдырмайды. Фильм сюжетін айтудың қажеті шамалы. Сондықтан, бұл туынды туралы мына бір қызық жайттарға тоқталсақ жеткілікті. «Титаник» – өз заманындағы ең қымбат фильм. Сондай-ақ 14 «Оскар» сыйлығына ұсынылып, оның 11-ін жеңіп алған. Ал, Джектің рөлін сомдаған Леонардо ди Каприо «Оскарға» үміткерлердің қатарында да болмапты.


Келесі айтпағымыз Марио Пьюзоның «Крестный отец» романының желісімен түсірілген фильм. Бұл – мафия туралы үздік фильмдердің бірегейі. Сонау жетпісінші жылдары түсірілген кинотуынды Вито Карлеоненің қызы ұзатылып жатырған жерінен бастау алады. Ол тойда әкесінің ісінен аулақ болғысы келетін кенже ұлы Майкл да болады. Майклдың рөлін сомдаған Аль Пачино үшін бұл алғашқы рөлдердің бірі еді. Кино сюжеті бойынша басқа қылмыстық топ мүшелері Майклдың әкесіне қастандық жасап, ағасын өлтіреді. Осы сәттен бастап, жанұясының қылмысқа толы кәсібіне араласқысы келмеген Майкл іске кіріседі. Жалпы бұл фильмнің үш бөлімі бар. Көпшілік көрермен екінші бөлімі қызықты екендігін айтады.


«Достучатся до небес». Айықпас ауруға шалдығып, дос болған мінезі де, өмірге деген көзқарастары да екі түрлі жандардың бастан кешкен оқиғалары. Өздерінің айықпас дертке шалдыққанын білген жігіттердің бірі әңгіме барысында ешқашан теңізді көрмегендігін айтады. Өміріндегі соңғы тілегін орындау үшін Мартин мен Руди (басты кейіпкерлер) аурухана тұрағындағы көлікті айдап қашады. Кейін жанар-жағар май құю бекетін, банкті тонайды. Бастарынан неше түрлі шытырман оқиғаны өткізген екі жігіт көлігінің жүк салғышында миллион ақша барын білген соң, өздерінің бұрын қол жеткізе алмаған тілектерін орындап, бейтаныс адамдарға ақша таратады. Фильмді көрген адам екінші рет қайта қарары сөзсіз. Әсіресе, екі достың теңіз жағасына келгенін көргенде эмоцияға ерік бересіз.


«Чужой». Ридли Скоттың ғылыми-фантастикалық «Чужой» фильмі 1979 жылы жарыққа шықса да әлі күнге дейін өз биігінде.

Бортына өте көп руда тиеп, жерге қайтып келе жатырған ғарыш кемесінің экипажын терең ұйқыдан дабыл оятады. SOS хабары болар деген олар дабыл берген орынға тоқтап, экипаждың жартысы құтқармаққа кетеді. Осы сәтте кемеде қалған экипаж мүшелері дабыл сақтандыру мақсатында болғанын ұғады. Әрмен қарай оқиға қалай өрбігендігін білгіңіз келсе, киноны көргеніңіз дұрыс.

Бұл фильмнің 4 бөлімі бар. Сондай-ақ комикстер мен компьютерлік ойындары да сұранысқа ие. Алғашқы фильмнің әсері болар, әлі күнге дейін бұл кинотуындының фанаттары көп. Ал, соңғы жылдары түсірілген «Чужой против хищника» мен «Прометей» фильмдері осы «Чужой» фильмінен шабыт алған режиссерлердің туындылары.


«Побег из Шоушенка». Френк Дарабонт түсірген бұл фильм де күн өткен сайын көрерменін көбейтіп келе жатқан туындылардың бірі.

Фильм сюжетімен жүрер болсақ, қызықтың бәрі Тим Робинс сомдаған Энди Дюфрейн атты банк қызметкерінің жасамаған қылмысы үшін түрмеге түсуімен басталады. Жаңа орта, жаңа заң, жаңа адамдар… Өзі үйреніп қалған өмірден басқа бейтаныс әлемге енген жігіттің бастан өткерген қиындығы мен қызығы сомдалады.

Кинотуынды көрерменге қандай жағдайда болмасын, үміт үзбеу керек екендігін ұқтырады. Басты кейіпкер Эндидің адамгершіліктен айнымай, қасындағы достарын білімге, жақсылық жасауға шақыруына адамға деген сенімі мен түбінде бір жақсылық болады деген үміті сеп болады.

Сондай-ақ Ред атты барлығын тауып бере алатын жанды сомдаған Морган Фрименнің де актерлік шеберлігі үшін бұл фильмді көруге болады.


Френк Дарабонт түсірген тоқсаныншы жылдардың тағы бір тамаша туындысы – «Зеленая миля».

Пол Эджкомб атты қарттар үйінің тұрғыны бір кездері түрмеде қызмет атқарған. Фильм сол Эджкомптың әңгімесімен басталады.

Бір күні Пол қызмет жасайтын түрменің «Е» блогына яғни өлім жазасын күтіп отырғандарды ұстайтын арнайы блогқа өте ірі денелі Джон Коффи атты «қылмыскерді» алып келеді. Уақыт өткен сайын Коффидің адамдарды емдейтін қасиеті бар екені анықталады. Джонның түрме қызметкерлеріне деген қарым-қатынасы мен мейірімділігі оған деген көзқарасты өзгертеді. Сондай-ақ Коффи Полды және түрме бастығының жолдасын емдейді.

Бастан аяқ көрерменін экран алдына байлап ұстайтын фильм бір кездері 4 бірдей аталым бойынша Оскар сыйлығына ұсынылғанмен біреуін де ұта алмаған. Оны естіген фильм фанаттары кино академиясына петиция да жолдаған. Бірақ, Оскарсыз да көпшіліктің сүйікті фильмі болуға болады.

«Зеленая миля» осы тізімдегі фильдердің ең үздігі десек те артық болмайды.


«Невидимая сторона». Жанұямен бірге отырып көруге арналған фильм. Кез келген адамды жақсылық жасауға шақырады. Фильм сюжеті былай. Жауапсыз әке мен нашақор ананың қамқорлығын көрмеген Майкл Ор атты жас бала бірнеше мектеп ауыстырып, киерге киім, ішерге ас таппай жүргенде оны өте бай Туйи отбасы қамқорлығына алады.

Міне осы кезде Майклдың жаңа өмірі басталады. Фильм өмірде болған оқиға желісімен түсірілген. Қарауға өте жеңіл әрі жақсылыққа толы туынды.


«Москва слезам не верит» – жастық пен арман туралы фильм. Мәскеуге келген Катерина, Антонина және Людмила атты үш құрбының өмірі.

Әрқайсы өмірден өзіне тиесілісін алады. Қарапайым да ұялшақ Антонина өзі сияқты жігітпен сөз байласып, отбасын құрса, өзіне сенімді әрі қу Людмила жас хоккейшіге тұрмысқа шыққанымен, онымен бақытты бола алмай, ажырасып тынады. Ал, Катерина… Катеринаның өмірі фильмнің негізі десек те болады.

1979 жылы шыққан бұл фильм 1980 жылы ең көп көрермен жинаған кеңес киносы атанса, 1981 жылы Оскар сыйлығын иеленеді.


Соғыс тақырыбы қай кезде де кино түсірушілерді қызықтырған. Кешегі кеңестер елінің кинематографы да екінші дүниежүзілік соғысты айналып өтпеді. Ал, сол соғыс жайындағы фильмдердің үздігі «В бой идут одни старики».

Фильм кейіпкерлері Леонид Быков сомдаған Маэстро атты командирдің қол астындағы ұшқыштар. Соғыстан бөлек, барлық жігіттерді музыка байланыстырады. Міне, осы музыка оларды соғысты бір сәтке болса да ұмыттырып, көңіл көтеруге септігін тигізеді.

Өте қарапайым туынды болғанмен фильмнің финалы көрермен көзіне еріксіз жас ұялатады.


Киномандар бетінде балаларға арналған фильм міндетті түрде болуы керек. Өйткені, кино осы күні тәрбие құралына да айналды.

Балаларға арналған үздік фильм – «Чарли и шоколадная фабрика». Роальд Дальдің повесінің желісімен түсірілген кинотуындының басты кейіпкері Вилли Вонканы Джонни Депп тамаша ойнап шықты. Ал режиссері Тим Бертон.

Көп жылдар бойы фабрикасына жан баласын кіргізбеген Вилли Вонка бес баланы кіргізуді ұйғарады. Ол үшін балалар шоколад ішіне жасырылған алтын билетті табуы керек болады. Сондай билеттердің бірі өте кедей Чарли атты балаға түседі. Чарлиден бөлек тағы төрт бала алтын билет иегері атанады. Міне сол төрттіктің іс-әрекеттері балаңызды ойландыруы керек. Ал, Чарли ұл-қыздарды қарапайымдылық пен достыққа және тәрбиелілікке шақырады.

Құрметті оқырман, біздің айтпағымыз – газет қолыңызға тиісімен жоғарыда аталған фильмдерді бір көріп шығыңыз!..

 

Түгелбай БИСЕН