13.11.2018, 9:40
Қараулар: 448
Төл теңге – тұғырым

Төл теңге – тұғырым

Ағымдағы жылдың 15 қарашасында төл теңгемізге 25 жыл толмақ. Осыған орай қызықты мәліметтер іздеп, әлеуметтік желіні біраз шарлап көргенбіз.  Сөйтсек, төл теңге туралы қызықты мәліметтер жетерлік екен.



Еліміз егемендігін алып, еңсесін тіктегеннен кейін өз төл теңгесін шығаруға тура келді. Әрине, құнды қағазды өмірге әкелу үшін алдымен оның дизайны жасалатындығы белгілі емес пе?! Әдетте әр нәрсенің сызбасын жасау үшін қорап-қорап түрлі-түсті қарандаш немесе краска пайдаланатынымыз анық. Алайда төл теңгені жасауға дизайнерлер тек қалам, калька және тушьты ғана пайдаланыпты. Бұл туралы Massaget.kz сайтындағы «Төл теңге туралы қызықты деректер» атты материалда жарық көрген.

Сондай-ақ, теңгенің алғашқы топтамасы Лондондағы Harrison & Sons фабрикасында шығарылған көрінеді. Бір қызығы, банкноттық фабрика қаладан 30 шақырым қашықтықта орналасқан. «Ortalyq qazaqstan» газетінің «Ұлттық валюта – елдіктің нышаны» атты мақалада қазақ валютасының дизайнын әзірлеген суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлелов екені айтылады. Жалпы, теңгені елге тасымалдау үшін төрт «ИЛ-86» ұшағы Тұманды Альбион еліне 18 мәрте қатынаған. Төл валютамыздың алғашқы партияларын сақтау үшін арнайы жерасты қоймалары дайындалып, дәл осы қоймалардан ұлттық теңгеміз еліміздің барлық өңірлеріндегі банктерге 8 күн ішінде жеткізілген екен. «Harrison & Sons-ты» қазақшаласақ «Хариссон және ұлдары» деген мағынаны білдіреді.

Қазақстанда ақша басып шығаратын өз фабрикамыз 1995 жылы ашылды. Соның арқасында Қазақстан ерекше атаулы күндерде мерекелік банкноттар шығаруға мүмкіндік  алды.

Алғаш елге әкеліне бастаған төл теңге құжаттарына «Мемлекет басшысының салынып жатқан резиденциясына керекті мүлік» деп көрсетіліпті. Бір қызығы, төрт ұшақ аптасына Лондон-Орал, одан облыстарға дейін әрлі-берлі он сегіз рейс жасап тұрғандығын бірі білсе, енді бірінің білмесі анық.

Ұлттық валютаның атауына «сом», «ақша», «алтын» секілді атаулар бақталас болған. Яғни, теңге атауымен бірге осы нұсқалар да таңдауға түскен. Бұл туралы «Baq.kz» сайтында «Өмірбек Байгелді: Доллар, евро болсын, қалтама теңге салмай, ешқайда бармаймын» тақырыбындағы мақалада мынадай жолдардан аңғаруға болады.

«Ұлттық валютаны қалай атауға байланысты сол кезде үлкен әңгіме болған. Сом, ақша, алтын деген әр түрлі ұсыныстар болды. Түптеп келгенде, «деньги» деген сөздің төркінінде жататын «теңге» деген байырғы атау нұсқалардың ішінен таңдалынып алынды» — деп еске алды Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай.

Теңге – жалған ақша жасаушыларға қарсы тұра алатын, әлемдегі ең қауіпсіз валюта. Бүгінде америкалықтар да теңгенің технологиясына сүйеніп, доллардың қауіпсіздігін күшейткен көрінеді. Ал доллардың тарихы XVIII ғасырдан бастау алады.

Бүгінде 25 жылдық тарихы төл теңгеміз тәуелсіз елімізді талай тығырықтан алып шықты. Ұлттық валютамыздың алар асулары мен бағындырар белестері әлі алда.

 

Нұрлыбек МҰХАМБЕТИЯРОВ