7.11.2018, 17:00
Қараулар: 447
Еңбек ардагеріне ескерткіш-тақта орнатылды

Еңбек ардагеріне ескерткіш-тақта орнатылды

7 қараша күні ауданымызға қарасты Егіндібұлақ ауылдық округінде ауданның дамуы мен өркендеуіне сүбелі үлес қосқан айтулы азамат, ерен еңбек иесі Қанапия Жиенәлиев тұрған үйге ескертікіш-тақта орнатылды.


Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Мұрат Залмұқанов, еңбек ардагері Қанапия Кенжегерейұлының баласы, медицина ғылымының докторы, профессор Болат Жиенәлиев пен ауыл тұрғындары қатысты.

— 1960-1980 жылдары біздің ауданымыз қарқынды дамыды. Жылдан-жылға құрылыс жұмыстары қарқынды жүрді. Сол кезде мамандарды, кеңшар, ұжымшар басшылары еселі еңбек ете білді. Солардың қатарында бүгінде біз өзі тұрған үйге ескерткіш тақта орнатып отырған Қанапия Жиенәлиев те бар еді. Қанапия Кенжегерейұлының басшылығы кезінде ауылда көптеген баспаналар мен ғимараттар бой көтерді. Ауыл қарқынды дамыды деп айтуға толық негіз бар. Осындай атамыз ел үшін сіңірген еңбегі қашанда кейінгі өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге болары анық, — деді аудан әкімінің орынбасары Мұрат Дүйсенұлы.

Ерен еңбек иесі бола білген Қанапия Жиенәлиев зоотехник, бас агроном, Зеленов аудандық еңбекші депутаттар кеңесі атқарушы комитеті төрағасының орынбасары сынды жұмыстарды абыроймен атқарған. Кейін 1964 жылы Егіндібұлақ ұжымшарының төрағасы қызметіне тағайындалып, ауылды он жеті жыл басқарған.

— Менің әкем «Барлық атқарылған жұмыстар ел игілігіне жұмсалады» дейтін. Бүгін салтанатты шара ұйымдастырып, ескерткіш-тақта орнатып отырған аудан әкімдігі мен ауылдық округ әкімдігіне ерекше алғысымды білдіремін. Жоғарыда атап өткендей, ел игілігі үшін атқарып жатырған еңбектеріңіз жемісті болсын! — деді Болат Қанапияұлы.

Бұдан соң сөз ауыл тұрғындар Қанапия Жиенәлиевтің азаматтық болмысын айтып, ауылдың бір көшесін сол кісінің есімімен атаса, нұр үстіне нұр болар еді десті.

Бір кездері Қанапия Кенжегерейұлы тұрған баспанада бүгінде қыз-күйеу баласы Еркін мен Балжан тұрады.

Нұрлыбек ҚЫДЫРҒАЛИҰЛЫ

 

БІЗДІҢ АУЫЛ ОСЫНДАЙ!

Басқа да мақалалар