6.11.2018, 9:06
Қараулар: 17
Домбырашы балғын қыз

Домбырашы балғын қыз

Кемеңгер ұлы ойшыл Әбу Насыр Әл-Фараби: «Адамзатқа тән ерекше бір қасиет – өзін қоршаған дүниенің әсемдік сырларына үңілу, содан рухани нәр алу, өзінің нәзік сезімін образдар арқылы паш ету» — деген болса, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов: «Жалпы музыка атаулы нәрсе елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырлысы – күй!» — деп қазақтың киелі күй өнеріне ерекше баға берген.


Қаршадай қыздың қолынан домбырасын әсте тастамайтындығы оған әкенің құтымен, ананың ақ сүтімен берілсе керек-ті.

Нұрбану Шүкіраллаева бүгінде Қ.Аманжолов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің 9-сыныбында оқиды. Мектептен сабақтан тыс уақытта балалар саз мектебінің домбыра сыныбынан тәлім алады.

— Домбыра – қазақ халқының киелі аспабы. Домбарасыз Қазақ елінің болашағын елестету мүмкін емес. Домбыра арқылы адам ойын жеткізе алады. Бұл аспаптың қоңыр үнінің өзі керемет, қазақтың байтақ даласы секілді.

Биылғы жылы аудан орталығында Домбыра мүсіні орнатылды. Сондағы менің қуанғанымды көрсеңіз ғой. Домбыра – менің сырласым әрі досым, — дейді домбырашы қыз Нұрбану.

Өнерлі жас Нұрбану көбінесе даңқты дарабоздар Құрманғазы, Дина күйлерін шебер орындайды. Бүгінгі таңда мектептегі шаралардың бірде-бірі Нұрбанусыз өткен емес. Нұрбануды шығармашылықтың төріне жетелеген домбыра. Сол себепті де Нұрбану қолындағы домбырасына дән риза. Өйткені, «Өнер – жұтамас байлық».

Түрлі деңгейдегі шығармашылық конкурстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Ұстазы Ағипа Наурызбайқызына айтар алғысы шексіз.

— Менің әкемнің туыстарының барлығы дерлік домбыра тартады. Олар домбыраны сондай жақсы көреді. Мерекелік жиындарда ағайындар шаңырақта бас қосқанда құдды бір оркестр мүшелері жиналғандай боп қаламыз. Қазақтың күйлерін орындап, мәре-сәре боламыз. Мен осындай домбырашылар әулетінің туысы болғанымды мақтан етемін.

Менің өзімнің жеке домбырам бар. Оны маған әжем сыйға тартты. Көбіне-көп әжеме домбыра тартып, көңілін көтеремін. Әжем де, ата-анам да маған дән риза,- дейді біздің кейіпкеріміз.

 

Ертай БИМҰХАНОВ