5.11.2018, 16:47
Қараулар: 424
Төртінші өнеркәсіптік революцияның жемісін көруіміз қажет

Төртінші өнеркәсіптік революцияның жемісін көруіміз қажет

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің кезекті Жолдауын жариялады. Негізінен елдегі ахуалға арналған биылғы Жолдау да әдеттегідей біраз талқыланып, Елбасының халықты толғандырған мәселелерден хабардар екендігін көрсетті.


Ал, «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдау міндеттері күні кеше жарияланған құжаттағыдан артық болмаса, еш кем емес. Жасыратыны жоқ, жаңа өнеркәсәіптік революция тек Қазақ елін ғана емес, әлемді өзгеріске шақырады. Сондықтан, бір кездегідей бармақ тістеп қалмас үшін жаңа заманның өзгерістеріне дайын болуымыз керек. Өйткені, ХХІ ғасыр білімнің ғана емес, біліктің ғасыры. Сондықтан біз Елбасы айтқан жаһандық өзгерістер мен сын-қатерлердің барлығына дайын болуымыз керек.

Түрлі өзгеріс пен даму қарқынына ілеспеудің қатері қандай? Оны білу үшін өткенге көз салуға тура келеді. Неге десеңіз, осыған дейін болған өнеркәсіптік революция әлемді аграрлық индустриядан өнеркәсіптік индустрияға ауысуға мәжбүрледі. Қазір барлығы айтып жүрген материалдық әлем де осы өнеркәсіптік революцияның қарқын алуымен келді. Өйткені, мүмкіндігі бар адамдар басқаның қолы жетпейтін дүниелерді пайдалана бастады. Қазақ та сол кезде білімге емес, білекке, алдындағы малына сенемін деп артта қалған еді ғой. Сондықтан, қазір ойланған жөн.  

Британияда басталған өнеркәсіптік революция әлем дамуын 180 градусқа өзгертті. Әсіресе, металургия саласына қатты дамып, темір рудасын балқыту мен метал өңдеу жаңа өндірістік масштабқа көтерілді. Қазір әлем пайдаланып отырған темір ожау мен тостағандар сол кезеңдерде пайда болды. Осы күні кез-келген дүкеннен сатып алуға болатын неше түрлі темір бұйымдар, тіпті рельстердің өзі сонау ХVІІІ-ХІХ ғасырларда жүрген өнеркәсіптік революцияның жемісі.


Ал, Елбасы айтқан төртінші өнеркәсіптік революция дегеніміз не? Ол білімдінің қолынан шыққан бұйымдардың өмірімізге енуі. Осыдан не бәрі отыз-қырық жұл бұрын фантастика болған дүниелерді адамзат осы күні пайдаланып келеді.

1985 жылы жарыққа шыққан Роберт Земекистің «Назад в будущее» фильмінде көрсетілген ұшатын скейт пен бауы өзінен-өзі байланатын спорттық аяқ киім осы күні ертегі емес. Тіпті, сол фильмде көрсетілген тегіс экранды теледидар мен видеоқоңыраулар қазіргі қоғамның ажырамас бөлігі. Осындай тамаша дүниелердің өмірге енуі сіз бен біздің технологияның мықты дамыған төртінші өнеркәсіптік революцияның бастауында тұрғанымызды білдіреді. Ғасырлар тоғысында өмір сүру өз алдына, бір заманды екінші бір заман басқан шақта ғұмыр кешу қазіргі адамдардың басты бақыты. Сондықтан, заман ағымына ілесе алмай қалмас үшін қазір қамданған жөн. Өйткені, алдағы жаңа дәуір технологиялық революция ешкімді аямайды. Білім мен білігін ұштастырған нағыз мамандар ғана ХХІ ғасырда шыңға шығарады.

Осы кезге дейін үш өнеркәсіптік революцияның не бергендігін ойласақ, әлемнің қатты өзгергендігін байқаймыз. Алғашқысы бізге темір жол және басқа да дүниелерді сыйласа, одан кейінгісі өмірімізге электр мен көлікті енгізді. Көліктің келуімен жылқы еңбегінің құрдымға кеткендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Бір кездері қазақтың жесе асы, мінсе көлігі болған жылқыны осы күні бәйгеде көріп, соғымда ғана пайдаланатындығымыз жасырын емес. Сондықтан, өзгеріске дайын болғанымыз дұрыс. Қайткенде де күн санап дамыған технология ілестірер емес. Сөз жоқ, көпшілік жылқыны ауыстырған тракторлар мен адамды салыстыру қисынсыз деуі әбден мүмкін. Бірақ, қазірдің өзінде Жапония сияқты дамыған елдерде адам күшімен жасалатын еңбекті роботтар атқарып отырғандығын көз көріп жүр. Оның үстіне корпорациялар қай кезде де өз пайдасын ойлайды. Сондықтан, оларға жалақы сұрайтын, ауырып қалатын немесе белгілі бір уақытта демалатын жұмыскерден гөрі адами қажеттіліктерден ада роботтарды ұстаған тиімдірек.

Осының барлығын көреміз бе, жоқ па дейтіндер де табылады. Бірақ, ешкім жоғарыда айтылған фантастикаға ұқсас дүниелерді қазірдің өзінде пайдаланып жүргенімізді байқамайды. Бүгінде қалтамыздағы телефонға ақша салу үшін бұрынғыдай «Билайн» болмаса, «Актив» орталығына барып, кезек күтпейміз. Көптеген дүкендерде автоматтар тұр. Ірі сауда орталықтарынан сауда жасап шыққан кезде қалтамыздағы картадан төлей саламыз. Тіпті, жарық, су, газ және айыппұлдарды да үйде отырып-ақ төлей береміз. Осының барлығы төртінші өнеркәсіптік революцияның жемісі. Технология тұралап қалған жоқ, адам ойы мен қиялын іске асырып, бір кездегі ертегіні алдымызға алып келді. Осыдан екі ғасыр бұрын Ыбырай Алтынсарин айтқан «… Айшылық алыс жерлерден, Жылдам хабар алғызған» заман келді. Осылай жалғаса берер болса, адам да бір кездегі жылқының күйін кешуі кәміл. Сондықтан, «өз өміріме жетер жұмысым болады» — деген эгоистік түсініктен арылып, өз-өзімізді жетілдіре түскен абзал. Әзірге жаңа технологиялар адамды толық алмастыра қойған жоқ. Өйткені, сатып алу бағасы қымбат. Бірақ, құлтемір жасау мен оның толығымен өнеркәсіпке енетін күні алыста емес. Уақыты келгенде бармақ тістеп қалып жүрмейік.

Бұдан шығудың бір ғана жолы бар. Ол оқу және дамыған елдердің технологиясын меңгеру. Алған біліміңді білікпен ұштастыра білу. Сондықтан, күшті білімге салған жөн.

 

Түгелбай БИСЕН