5.11.2018, 16:35
Қараулар: 673
Арманы асқақ Жасталап

Арманы асқақ Жасталап

Көшім ауылдық округіне барған сапарларымыздың бірінде Кіші Шаған ауылында сүт фермасының салынып жатқандығы туралы естіп, көлігімізді аталған ауылдан шеткерірек орналасқан үйге бұрдық. Үй құрылысы аяқтала келіпті. Анадайдан мал қорасы да көрінеді. Оның да құрылысы аяқталуға жақын. Үй сыртын әктеп-сырлап екі адам жүр екен. Біз оларға келген шаруамызды айттық. Мән-жайға қаныққан олардың бірі қалтасынан ұялы телефонын шығарып, кәсіпкерге хабарласты.


 Арада сүт пісірім уақыт өткенде есік алдына сүліктей ақ түсті «Mitsubishi» көлігі келіп тоқтады. Көлік ішінен жасы елуді еңсерген жігіт ағасы түсті. Өзін Жасталап таныстырған жігіт ағасы бізді атқарып жатырған жұмыстарымен таныстыра бастады.

Жәкеңнің өзі негізінен Қазталов ауданына қарасты Жалпақтал ауылының тумасы екен. Орта мектепті бітірген соң ауылдағы кәсіптік училищеде оқуын жалғастырады. Кейін 1994 жылы Кіші Шаған ауылына көшіп келеді.

— Өздеріңізге белгілі 1995 жылдары кеңестік кезең ыдырап, кеңшар, ұжымшардың тараған кезі болатын. Сол бір қиын-қыстау кездері әкем Жұмақайда жиырманың үстінде ірі қара болды. Кейін әкеден қалған малды көбейтіп, шаруашылық аштым, — деп бастады Жасталап Шайекенов.

Сол аз ғана ірі қара 2012 жылдары өсіп-өніп бұзауымен 500 басқа дейін жеткен. Кейін олардың орнына Ресейден асыл тұқымды мал әкеліп, өсіре бастайды. Ол үшін тіпті мемлекет тарапынан «Сыбаға», «Құлан» бағдарламалары арқылы қаржы да алады.

— Ірі қара малымды асылдандырып, «енді шаруам тіктеліп, мал басын одан әрі көбейтемін ғой» деп жүргенмін. Алайда оным бекер боп шықты. Өйткені осыдан үш жыл бұрын сол асыл тұқымды 270 бас ірі қара малым бруцеллезге шалдықты. Сөйтіп олардың барлығын Орал қаласына апарып саттым. 200 бастай бұзауын алып қалып бордақыладым. Кейін оларды да сатып, ақшасына Қостанайдан 30 бас сүтті қара ала сиыр сатып алдым, — дейді Жасталап.


Жәкең иелігіндегі аналық малды 70-ке, аталығын 30-ға жеткізген. Бұдан бөлек, 40-тың үстінде жылқысы да бар. Алдағы уақытта қолдағы аталық малдарды да сатып, сүтті бағыттағы қара ала сиырдың санын әлі де болса, арттыру ойында бар.

Жасталаптың шаруашылығын алға жылжытуда бүгінгі күнге дейін інісі Серік қолғабыс еткен. Бүгінде қалада тұратын Серіктің өзі де асыл тұқымды етті ірі қара малын сатып алып, көбейтуді жоспарлап отырған көрінеді.

Жасталаптың қарамағында бес адам жұмыс істейді. Олар уақтылы жалақыларын алып отырады. Жәкеңнің айтуынша, мал бағуға ауылдан адам шықпайды екен. Амалсыз бақташыны қаладан немесе өзге жерлерден жалдауға тура келеді. Иелігіндегі малдар екі мезгілі сауылып алынатын көрінеді. Одан өндірілген май, қаймақ тағы басқа өнімдерді әрісі Атырау қаласына, берісі облыс орталығына апарып сатады. Өзінің тұрақты тұтынушылары да бар.

— Жаңа ғана Оралға 10 келідей май өткізіп келдім, енді Атыраудағы сатушы танысым 200 келідей май сұратып жатыр. Соған май жеткізуім керек. Осы май, қаймақ және сүтпен несиелерімді жауып отырмын, — дейді Жәкең аузына қыстырған шылымын құшырлана бір сорып алып.

Бүгінде Жасталап Жұмақайұлы 60 бас малға арналған сүт фермасының қарашаның 15-іне дейін бітірсем деп отыр. Ферма құрылысын салу шаруашылық иесінің қалтасын біраз қаққан секілді. Жасталаптың айтуынша, үй мен мал қорасын салуға төрт жарым млн. қаржы жұмсалған. Әлі қора ішіне еден төсеу, бөлу, электр желісін тарту сынды жұмыстары жеткілікті. Ол үшін де Жәкеңе біраз тер төгіп, шашылуға тура келеді. Жәкеңнің ферма жұмыстарын бір жолға қойғаннан кейінгі армандары асқақ. Қазір май, қаймақ, ірімшікті қолдан жасап, саудалап жүрген ол цех ашсам деген ойы бар екенін де жасырмады.

— Келер жылдан бастап Өркен ауылы маңындағы қонысым жайлау, ал мына тұрған жер қыстақ болып қалады, — Жәкең бізбен қоштасарда.

 

Нұрлыбек ҚЫДЫРҒАЛИҰЛЫ,

«Ауыл тынысы»